Кәсіп көзі ауылда

29 июня 2017
0
3193

Шамамен осыдан бір жыл бұрын, «Даму» аймақтық қоры ұйымдастырған пресс-тур шеңберінде мен жергілікті бизнес жұмысымен, жеткен жетістіктерімен танысып, болашаққа құрған жоспар туралы айту мақсатында Қаратөбе ауданына барған болатынмын. Сол кезде шөл далада өзінің ісін су көзін ашу арқылы бастағысы келіп жүрген жергілікті кәсіпкер мені қатты таңырқатқаны есімде. Оның үстіне кәсіби қызығушылық деген бар, және бұл жас жігіт бастапқыда тек өзінің ауданында ғана емес, сонымен қатар облыста, ал келешекте Қазақстанның басқа да аймақтарында ашқысы келетінін жасырмады.

Аудандық әкімшіліктің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Бозовпен бірге осы іскер адамның өндіріс орнында болдық.

Бұл жерлерде аздаған тереңдіктен тұщы су шығатыны бұрыннан белгілі болатын. Оны Тышқантай жерасты суы да растайтынын бүкіл Батыс Қазақстан біледі. Кеңестік кезеңде жүргізілген зерттеу жұмыстары арқылы жердің астында керемет тұщы судың үлкен қоры бар екені анықталған.

Алайда, Сержан Ашығалиев аяқ астында жатқан байлықты коммерциялық тұрғыда игеру туралы көп ойлана келе, «көз – қорқақ, қол – батыр» дегендей, іске кірісу қажет деп шешті.

– Ең алдымен мені қаржылық құралдарды сатып алу жағы толғандырды, – дейді Сержан Саматұлы, – және бұл аз қаржы емес, оның үстіне бұрын өлкеде болмаған жаңа іс болғандықтан, күмәнданғаным да рас. Болашақ кәсіпорынның ірі өндірістік және әкімшілік орталықтан алшақтығы да қорқытты.

Өз ойларымен Сержан Саматұлы жерлестерімен, атқарушы биліктің жергілікті органы өкілдерімен бөлісіп, олардың қолдауы мен қуаттауына ие болды. Оған осы істі бастау керек екені және бір жақтан бөгде ағайын келіп жасап бермейтіні туралы айтылды.

Жаңа пайда болған кәсіпкерге Қаратөбе ауданының орталығынан болашақ өндіріске 0,15 гектар жер берілген кезде күмәнданбастан, нысан құрылысын салу ісіне шұғыл кірісу керек болды. Басынан бастап, Сержан Ашығалиевке жергілікті органдар жеңілдікті несие алуға көмек қолын созып, қолдау көрсетті. Ресей Сбербанкі арқылы қомақты қаржы – он бір миллион теңге алынды. Мемлекет несиелік төлем пайызын субсидиялауды өзі қолға алды.

«Даму» аймақтық қордың көмегі де зор болды. Бизнесін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге ауылда өз ісін ашу кезінде жақсы кепілдік мүліктің болмауынан қиындықтар туындайтыны белгілі. Аймақтық «Даму» қоры Сержан Ашығалиевке алты жарым миллион теңгеге кепілдік ұсынды.

Енді қиындықтың барлығы артта қалды. Жуырда, ағымдағы жылдың мамыр айында кәсіп-орынның іске қосылғанына екі жыл толды.

Кең, жақсы ғимаратта су құю бойынша бірнеше желі жұмыс жасайды. Өндірістік процестер автоматтандырылған, бұл тек аудан тұрғындарының қажеттіліктерін сапалы ауыз сумен қанағаттандырып қана қоймай, сонымен қатар үлкен партиямен сапалы суды облыс орталығына, Батыс Қазақстанның көршілес жатқан аймақтарына жіберіп отыруға мүмкіндік береді.

Ірі кәсіпорындардағыдай, көк түсті фирмалық киім киген кәсіпорын қызметкерлері заманауи жоғары өнім шығаруда автоматтармен жұп болып жұмыс жасауда.

Қажеттілікке байланысты су сыйымдылығы әр түрлі – жарты литрлік, литр, литр жарым, он тоғыз литрлік пластмасса бөтелкелерге құйылады. Жергілікті және облыс орталығындағы сатып алушылар тарапынан ТМ «ДЕМ» маркалы судың сапасы туралы жағымды пікірлер айтылуда.

Былтыр кәсіпорын ұжымы Астана қаласында «Керме» көрме залында өткен отандық өндіріс тауарлары демонстрациясына қатысты. Көрмеге келушілерге ТМ «ДЕМ» өнімінің дәмдік сапасын татып көру мүмкіндігі берілді. Астана тұрғындары Қаратөбе жері қойнауынан шыққан судың өте дәмді, сапалы екенін растады.

– Бұл бізді жуыр арада шығарылып отырған судың көлемін елеулі түрде өсіруге итермеледі. Ол үшін барлық мүмкіндіктер де бар. Қажет болған жағдайда тағы да жұмысшылар алып, екі ауысымдық жұмыс тәртібіне көшуімізге болады, – деді жымия Сержан Саматұлы.

Осылайша, өзінің жігерлілігінің, іскерлігінің және ептілігінің арқасында, Сержан Ашығалиев жобаны табысты түрде іске асырып, жердің астынан қай уақытта да нағыз байлық ретінде жоғары бағаланатын суды шығарып, оны іске қоса алды.


Бүгінде көптеген жайттар Ұлы Қазақстан жолы мен Мәңгілік Ел идеясын бастап отырған өзімізге байланысты. Біздің ұзақ мерзімді, орта мерзімді және таяу болашаққа арналған іс-қимыл стратегияларымыз бар.

Қазір және кез келген басқа уақытта біздің дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз үш қарапайым, бірақ маңызды – өсім, реформалар, даму ұғымдарымен үндес.

…Әңгіме ең алдымен, экономикалық өсім туралы болып отыр. Ағымдағы міндеттерге қатысты алғанда бізге Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған отыздығына енуін қамтамасыз ететін экономикалық өсім қарқынын қалпына келтіру қажет. Біз жеке бастамаларды дамыта отырып, өсімнің жаңа ішкі көздерін ашуға тиіспіз.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың
Қазақстан халқына жолдауынан. 2015 жылғы 30 қараша


Сол Қаратөбеде тиісті мемлекеттік құрылымның тікелей әрекет етуімен табысты бизнестің тағы бір үлгісі бар. Ұлты шешен, жиырма бес жыл бұрын Ресей Федерациясынан көшіп келген Омар Хасинов өз үйінен түрлі ағаш бұйымдарын – есіктер, терезе, жиһаздың кей түрін жасайтын шеберхана ашты. Бұл істе оған ҚР Қарулы Күштері қатарынан оралған ересек ұлы Ибрагим қолғабыс етеді.

Жерлестері отбасылық бизнестің ашылғанына қуануда, өйткені облыс орталығына үйге қажетті бұйымдар сатып алу үшін бармайтын болды.

Омар Хасинов автормен сұхбаттасу барысында «Даму» аймақтық қоры туралы жағымды пікірде екенін бірнеше рет қайталады. Осы қордың көмегімен өз ісін дамыту үшін миллионнан астам теңге көлемінде қаржы алып, бұл қаржы құралдарын технологиялық жабдыққа, құралдар мен материалдарға ұтымды жұмсағанын айта кетті.

Сондай-ақ, Омар Хасиновке жаңа бастап жүрген бизнесмендерге арналған курстарда тиісті дайындықтан өткені де жақсы көмек болды.

Егер, бұрын Омар Хасинов, кей кездері жұмыссыз отырып қалған болса – мұндай жағдайлар ауылдық жерлерде жиі орын алды, – бірақ қазір ауыл тұрғындарын өзі қамтамасыз етуде. Әсіресе тапсырыстар көп түскен жағдайда, әдетте көктем және жаз мезгілдерінде аудандық әлеуметтік жұмыспен қамту қызметі оған бірнеше жұмыссыз азаматтарды жіберіп отырады.

Қаратөбе ауданында өз бизнесін бастағысы келетін жандар баршылық. Алайда, олардың басым бөлігі екінші дәрежелі банктер қомақты кепілдік мүлік талап ететіндіктен өз істерін бастай алмай отыр. Ауылда, өндіріс орталығынан шалғай жерлерде қомақты кепілдік мүлік қайдан болады?

Дегенмен, мақсатты бағытталған мемлекеттік саясаттың отандық бизнеске қолдау көрсетуінің арқасында ауданның бірнеше жүз тұрғындары «Бизнес-Кеңесші» арнайы курстарынан дайындықтан өтіп, енді міне, олардың бір бөлігі алған білімдерін іс жүзінде пайдаланып жүр. Маған бірнеше ірі жобаларды жүзеге асыру туралы айтты, ал бұл болса жергілікті бюджетке түсетін салық, қосымша жұмыс орындары… Сондай-ақ, ауданның әкімшілік орталығындағы газ-жанармай бекеті туралы да сөз қозғалды. Екінші нысан үшін Қоскөл ауылдық округі таңдалды. Өйткені бұл жерден Орал қаласын Ақтөбемен байланыстыратын ірі тас жол өтіп жатыр. Және заманауи автокемпинг үшін бұдан асқан қолайлы жер табу мүмкін емес.

Бозов Нұрбол Беркенұлы және әкімшіліктің басқа да қызметкерлері Қаратөбе ауданының облыс орталығынан шалғай жатқанына қарамастан, бизнес дамуының жақсы перспективаларына ие екенін айтты. Мұнда жер қойнауында көмірсутекті шикізат, мысалы, сапасы жақсы мұнай қоры бар. Тұрғындар кей кездері оны өз үйлерін жылыту үшін пайдаланады, әрине бұл бағалы шикізатты басқаша пайдаланған да жақсы болар еді. Аудан мен облыс игілігіне нәтижелі пайдалану үшін басқа тәсілдер, қомақты инвестициялар қажет.

Мия тамыры – аудан экономикасын дамытуға себепші болатын тағы бір перспективті сала болып табылады. Сол себепті іскер адамдар осыған да көңіл бөлгені дұрыс.

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top