Көмек міндетті түрде болады

20 июля 2017
0
2779

2018 жылдың аяғына дейін Қазақстанда 190 мыңнан аса жеке қосалқы шаруашылық ашып, елді мекенде 67 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл 380 мың тонна сүт пен 100 мың тонна етті қосымша өндіруге және 32 мың адамға жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылдың басынан бастап ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры және микронесиелеу институттары арқылы жеке қосалқы шаруашылық базасында 10,8 млрд. теңге көлемінде ұсақ тауарлы өндірісті дамытуға қаржы бөлінген, өтініштер саны 4,4 мыңнан астам. Елді мекендерді жұмыспен қамтудан басқа, жеке қосалқы шаруашылық ауыл шаруашылық өнімін өндірудің көлемін ұлғайтуды мақсат етеді. Бүгінгі таңда жеке қосалқы шаруашылықтарда орташа есеппен 70-80% сүт пен ет өндіріледі. Олардың ауыл шаруашылық кооперативтеріне бірігуі негізгі фактор болып табылады. Олар жүн мен тері дайындау, ара шаруашылығы, отбасылық құс шаруашылығы, тауарлы балық шаруашылығы және т.б. қосымша айналыса алады. Биыл республикамызда 99 сүт қабылдау пункттерін біріктіретін 161 ауыл шаруашылық кооперативтері және 2200-ден астам отбасылық мал жемдейтін алаң іске қосылады. Ол үшін «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 11,5 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Сондай-ақ құрылғалы тұрған ауыл шаруашылық кооперативтерін «НУХ «КазАгро» АҚ арқылы 7,3 млрд. теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылды. Ауыл шаруашылық министрлігінде тұрғындар арасында ұсынылған шаралардың артықшылықтары, жеке қосалқы шаруашылықтардың пайдалы жақтары және ауыл шаруашылық кооперативтеріне мемлекеттік қолдау көрсетілетіні туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылды. Біздің облысымызда микронесиелеу бағдарламасын пайдаланушылар баршылық, олар қазіргі таңда өздерінің жеке қосалқы шаруашылықтарын белсенді түрде дамытып, жұмысын дөңгелентіп отыр.

Имантай Сәтиев те осы тізімде. Ол мүйізді ірі қара өсірумен, нақтырақ айтсақ, симменталь тұқымды сүтті сиыр өсірумен айналысады.

Оның жасы 33-те, отбасылы, Серебряково ауылында тұрады. Ата-анасымен бірге Қазталов ауданынан РТС ауылына көшіп келіп, содан кейін Серебряково ауылынан үй сатып алған. Құрылыс компаниясында жұмыс жасаған. 2005 жылы кезекте тұрып, мемлекеттен 10 сотық жер алып, үй тұрғызған.

Жеке компанияда жұмыс істей жүріп, өз кәсібін ашуды армандағанын жасырмайды.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы білген. Ол кезде бұл бағдарламаны өзінің бірен-саран ауылдастары ғана қолданған. Имантай олармен сөйлесіп, жұмыспен қамту орталығына жолығуға бел буған.

Оның айтуынша, микронесиелеу жүйесі жеңіл болған. Ол кезде мемлекет қарызға үш миллион теңгеге дейін берген, ал жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%-дан аспайды. Имантай 2 млн. 700 теңге алған. Қайтарым мерзімі 4,5 жыл. Жеңілдік кезеңдері қарастырылған. Пайыздық мөлшерлеме тиімді.

– Банк барлығына бірдей несие бере бермейді. Кепілдеме, дәлірек, кепілдік мүлік керек. Несиелік қарыз кепілдік мүліктің жалпы құнының 50 пайызын құрайды. Менің ата-анамның үйі болатын. Оны 5 млн. 400 мың теңгеге бағалады. Қолыма тең жартысын алдым. Әрине, өз кәсібіңді ашып, өзіңе жұмыс жасағың келсе тәуекелге барасың.

Қаңтар айында Имантай алғашқы 800 мың теңгесін төледі. Бұл жыл басында тұтас төленетін несиенің жылдық қайтарым сомасы. Осындай соманы келесі екі жыл ішінде төлейді.


«Біз барлығымыз да ауылда туып-өскенбіз, қазір Қазақстанның 40-50% ауылдық жерлерде тұрады. Бүгінде елді мекендерді дамыту үшін, Үкімет қомақты қаржы бөліп отыр. Соңғы жылдардың ішінде 8 млн. бидай экспортқа шығарылды, оның ішінде 45% ұн, экспортқа шығару бойынша біздің ел әлемде бірінші орынды иеленіп отыр. Саланы әрі қарай дамыту үшін дайын өнімді сақтайтын жаңа технология қажет, оған бюджеттен 11 млн. аса теңге бөлінеді. Саланы дамыту бойынша басым мәселелер арасынан тамшылатып суармалау, жылыжайлар салу, мал шаруашылығын дамытуды алға бастыру қажеттілігі белгіленген.

«Біз етті экспортқа шығаратын ел болуымыз керек. «Бидай бар жерде мал шаруашылығы да болуы тиіс» дегендей мал өсіру үшін бізде барлық жағдайлар бар, жайылым да жеткілікті. Ғалымдарымыз ашып берген тұқым басын және жануардың түрін көбейту үшін жағдай туғызуымыз қажет. Егер асыл тұқымды қор болса, 6 мың литрге дейін сүт беретін сүтті және етті сиыр өсіруге болады. Мұны іске асыратын аграрлық ғалымдар.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақ ұлттық
аграрлық университет студенттерімен және профессорлық-
оқытушылық құраммен кездесуінде сөйлеген сөзінен.


Мемлекеттен алған қаржыға сиыр, жылқы, азық және сиыр сауатын аппарат сатып алды. Симменталь тұқымы мықты, шыдамды болып келеді. Өзінің бизнесін Имантай сүт өндірісі арқылы дамытып отыр.

Шаруашылықта көбінесе өзі жүреді, кей кездері ғана көмекшілер алады. Бір өзіне мал бағу оңай емес.

– Әтеш шақырмай тұрып, бесте оянамыз (жымиып).

Сауыншы да, бақташы да, малшы да өзім. Отбасымның мүшелері менімен бірге. Сиыр сауатын аппараттың пайдасы көп, әйтпесе сиырларды қолмен сауып бола алмайсың.

Бір сиырды саууға 5-7 минут кетеді. Процесс ретке келтірілген. Сүт өнімдерін – сүт, ірімшік, қаймақ, айранды таңертең қалаға апарып, орталық базардағы қайта сатып алушыларға тапсырады. Олар, әрине, төменірек баға береді, бірақ бұл Имантайдың көңілінен шығады.

– Мемлекеттің жаңадан бастаған бизнесті қолдайтыны көңілге қуаныш ұялатады. Жұмыс жасағысы келген адам өз тетігін табады, – дейді Имантай.

Бағдарламаны жүзеге асыруға елімізде республикалық бюджеттен биыл 85 млрд. теңге бөлінді.

Несие өлшемі 18 млн. теңгеге дейін өсті. Оның үстіне бизнесін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді міндетті түрде оқытады.

Жергілікті жұмыспен қамту орталығына несиелеу мәселесі бойынша 300-ден астам адам жолыққан. Нақты ақпарат алған соң, олардың басым бөлігі өз бизнес жоспарын жасақтап, айналдыруға мемлекеттен қаржы алуға ниет білдірді.

– Микронесие беру шарты бұрынғыша пайдалы. Қарызды өтеу мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласы мен ауыл шаруашылық кооперативтерін құру жобасына екі жыл артық уақыт беріледі. Микронесиенің максималды сомасы – 8 мың АЕК-ке дейін. Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі – 6% шамасында, – деп түсіндірді мамандар.

Оған қоса, негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдік кезеңін алу мүмкіндігі ұсынылады. Микронесиені беру екінші деңгейлі банктер арқылы іске асырылады.

Мал шаруашылығын қолдау бойынша республикалық бағдарламаны жүзеге асыру кезеңдерінің бірі етті бағыттағы жоғары өнімді табын санын көбейтуді көздейді. Жеке шаруашылықты дамытуға аса зор көңіл бөлінеді. Мүйізді ірі қара санының 82 % төмен өнімді жеке қосалқы шаруашылықта шоғырланған. Нәтижесінде, мамандандырылмаған ауыл шаруашылық мекемелері, нақтырақ, өнімді тек жеке қажеттілігі үшін өндіруге тиісті үй шаруашылықтары базарды ет өнімімен негізгі жабдықтаушылар болып отыр.

Ауыл тұрғындарын несиелеу жұмысымен «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ айналысады. Бұл қор Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары құрылған. Мақсаты – ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын ауылда микронесиелеу жүйесін тиімді дамыту арқылы жақсарту.

Қор әлеуметтік мәселелерді, сондай-ақ өз кәсібін ашып, әл-ауқатын жақсартқысы келген ауыл тұрғындарына микронесие ұсынады.

Ауыл тұрғындарын, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін және елді мекендегі басқа да кіші бизнес салаларын микронесиелеу жұмысын қор 2005 жылы бастады.

2013 жылдан қор және оның филиалдары «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламаларын жүзеге асырумен келеді. «Ынтымақ» бағдарламасы арқылы құрал-жабдықтар алу және айналым құралдарын толықтыру қарастырылған.

Несиеге деген сұраныс жыл санап өсуде, қаржыландыру сомасы көбеюде.

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top