Ел есіндегі аңыздар

7 декабря 2017
0
5866

Шыңғырлау ауданы тұрғындары Жаратқанның назарынан тыс қалмайтын жерұйықты мекендейтіндеріне сенімді, сол себепті де ен даланың ортасынан мұнарлаған таулар
және бұлақтар мен сарқырамасы бар көркем оазистер кездеседі.
Бұл жерлер олар үшін киелі болып табылады, рухани әлем мен мәдени мұраның байлығын айқындайды, Ұлт көшбасшысы өзінің «Рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқан болатын – туған жердің тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылықтың қайта жаңғыруы, аңыздар мен қиссаларындағы халқымыздың мәдени-тарихи естеліктерін сақтау өте маңызды. Өз туған жеріңді сүйіп, қастерлеуге және онымен мақтануға тәрбиелейтін «Туған жер» патриоттық бағдарламасы да осымен үндес.

Қыземшек тау

Торыатбас тауы

«Тағы да сол ту сыртымнан ат дүбірі естілсе,
Бұл ымыртты ештеңе деп сөкпес ем…»

Түн тыныштығын тек сыбырмен ғана мазалаған қос ғашықтың аттары оларды тау бөктерінде тосып тұрды. Кенеттен абыр-сабыр, кісінеген ат дауысы араласқан шу естілді. Жігіт атына қарай жүгірді, бірақ бәрі кеш еді. Жау қолынан қаза тапқан торы аты қанға бөгіп жатты. «Аттың басы жігітке бұрылды да… Сосын жартасқа айналып кетті». Торыатбас тауына. Бұл туралы Шыңғырлау ауданының бірегей табиғат орындары туралы жырлайтын халық әнінде айтылған.

Торыатбас тауы – айбарлы да әдемі тау. Оның қасында кез келген автокөлік, тіпті автобус та сіріңке қорабындай болып қалады. Біздің өлкеге келушілер таң қалады – Қалайша? Ен далада тұрған тау? – деп. Таудың төбесіндегі тастарға жоғарыдан көз салсақ, расымен аттың басына ұқсас екенін көреміз.

Ал оқиға былай болса керек… Екі қазақ өмір сүріпті: Еділ мен Жайық. Екеуі өздерімен аттас екі өзеннің бойын мекендепті. Бірінің ұлы, бірінің қызы өсіп келеді екен. Балалары өскенде, оларды үйлендіруге уағдаласыпты достар. Жылдар өтіп, жастар кездеседі. Ежелгі дәстүр бойынша олар бірін-бірі жақсы танып-білуі үшін күйеу жігіт қалыңдықтың ауылында бір мезгіл тұруы керек болған. Қалыңдық ауылында бір жыл тұрған жас жігіт өз ауылына бармаққа жиналып, қалыңдығына «көктемде қаздармен бірге ұшып келемін» дейді. Оның берген уәдесі қалыңдығын таңғалдырды, қалайша ұшып келмек?

Жігіт болса, сөзінде тұрды – көктем келісімен тау жақтан жүйрік атпен шауып келді де болашақ туыстарына қолқа салды: қонуға екі киіз үй әзірлеуді сұрады. Бірін – өзіне, екіншісін аты үшін, екіншісіне сүт пен су толтырылған екі астау қоюды өтінді. Сұрағандары дайындалып берілді. Кеш түскенде ауылда ойын-сауық басталды.

Сауықтың қызған шағында әуестігін баса алмаған бір әйел киіздің шетін қайырып, үй ішіне көз салды. Көздеріне сене алмады. Аттың… қанаттары бар екен, бір қанатын сүтке, бір қанатын суға малып тұр екен. Әйелдің көзі тиді ме, әлде ат шошыды ма, әйтеуір ат ауырып, өліп қалды. Алыс сапардан келген кезде қонған тау бөктеріне жерледі.

Жігіт көп қайғырып, ешкіммен тілге келмеді. Қайын атасы оған туған ауылыңа барып кел дегенше. Ол үшін күйеу баласына ең жақсы атын беріп, жол бойында көргенінің бәрін есінде сақтап, келген соң айтып беруін тапсырды. Жігіт айтқанын бұлжытпады. Жолда түгел бір отар қойды емген қозыны көрді, қанша емсе де, оған сүт жеткіліксіз болды. Жапан түзде киіз үй көрді, ішінде өлі денелер ғана болды. Бір топ қыз көріп, қанша шапса да жете алмағанын да айтты, олар көзден ғайып болды. Жайық қайын атасы оның көргендерін түсіндіріп берді. Отар қой мен қозы – халық пен оның қанын қанша ішсе де тоймайтын байлар. Өлі денелерге толы үй – біз өзіміз, сырты бүтін, ал іші толы жаман ойлар мен іріп-шіру. Ал жете алмаған бір топ қыз – қол жетпейтін арман. Қол жетпеген арманы – қалыңдығын жоғалтуы екен. Ауырып, емі табылмаған ол қаза болды. Оны да сол тауға жерледі. Міне ескі аңыздың тағы бір нұсқасы, бұл аңызды әр жыршы мен ақын өз мәнеріне қарай бұрады. Бұл аңызды өз өлеңдерінде бейнелеген Жұбан Молдағалиев те тыс қалмады.

Қазіргі ғалымдардың пікірінше, бұл тау ежелгі Хвалын теңізінің түбі, себебі оның қыртыстарында бор және теңіз жануарларының қалдықтары табылған.

Тау бөктерінде эндемикалық құндылығы бар өсімдіктер өседі. Теңіз деңгейінен 211 метр биік таудың аумағы 1,6 гектар. Геоморфологиялық-ландшафтты типтегі геологиялық ескерткіш. Марксизм ауылынан үш шақырым жерде орналасқан бұл көрнекі орынға оралдықтар жиі келеді.

Сарқырама

Сарқырама мен бұлақ

Аудан орталығы Шыңғырлаудан 130 шақырым жердегі Ақсуат ауылына жақын орналасқан Сарқырама әлемдегі ең кішкентай құлама су болып саналады. Сарқырама бастауын Қараағаш орманындағы Қыз әулие бұлағынан алып, Орал платосының жоғарғы бор қабатынан қоректенеді, дейді БҚО мәдени-тарихи құндылықтарын сақтау жөніндегі инспекциясының мамандары. Бұлақ суы диаметрі елу метрге жететін шағын көлге жиналады, суы мөлдір, көкшіл және салқын.

Байырғы тұрғындар жүздеген жылдар бұрын бұл жерде өмір сүрген бір бай тоған салып, су қоймасын жасаған дейді. Көлден басқа сарқырама жанында өзге де жер асты су көздері бар. Сарқыраманың биіктігі бір метрден сәл-ақ асады. Бірақ биіктіктен құлаған мөлдір таза судың шуы мен көрінісі ғажайып.

Тұрғындар судың емдік қасиеті бар деп сенеді, тірек-қимыл жүйесінің және басқа ауруларға шипа болар суына шомылады. Ал наным-сенімнің ғажап істер тындыратыны белгілі ғой. Екіншіден, судың ақпаратты сіңіретін қасиеті барын ғалымдар дәлелдеген, қандай бағытта оны бағдарласаңыз, сол бағытта игіліңізге жаратасыз. Және де басты рөлді су құрамы атқарады. Сонымен бірге сарқырама, бұлақтар мен жалпы көрінісі көркем осы жер жәннатынан есіп тұрған ізгі руханилық та өзіндік орын алады. Сондықтан адамдар осында келіп шомылып, бұлақтан су алып кетеді.

Қыземшек

Бұл ауданда табиғаттың тағы бір кереметі, адалдық пен махаббат символына арналған тағы тау – Қыземшек тау бар. Торыатбас тауы сияқты ол да қазақ халқының мұңды тарихынан сыр шертеді.

Ертеректе бұл жерді қатал да аяусыз бай мекендеген, оның еркіне ешкім қарсы келе алмаған екен. Тек отбасында тыныштық болмапты – Жаратқан сәби сүю бақытын бұйыртпай-ақ қойыпты. Жұбайы басқалардың балаларына қарап уайымға батып, көз жасы құрғамапты.

Түптің түбінде Жаратқанның рақымы түсіп, қызды болады. Нәзік те тіл алғыш сәби туыстарының көз қуанышы болып өседі. Бой жетіп, қатарластары арасынан сұлулығымен ерекшелене бастайды. Далада қыдырып жүріп бір күні сымбатты жігітті кездестірген сұлудың көзі жігіттің көзімен кездескенде олардың арасында ұшқын пайда болды. Содан олар алдарында не күтіп тұрғанын білмесе де, жиі кездесе бастайды.

Сұлуымыз байдың қызы болса, сымбатты жігіт жай ғана малшы еді.

«Тексіз біреу ме?!» – деп ах ұрды әкесі қызының таңдауы кімге түскенін естігенде. Жігітпен көрусіге тыйым салды қызына. Қызының сүйіктісін адамдарды жалдап, таудан құлатып, өзенге батырып өлтірткізді.

Қайғыдан қан жұтқан қыз үйден қашып шығып, тауға барып, ұзақ жылап отыратынды шығарды. Жалғыздыққа шыдай алмаған ол сүйіктісінің артынан секіріп, қаза тапты.

Сол махаббат жолында құрбан болған қыз құрметіне тау Қыз-емшек аталып кетті.

Бұл хикаялар тұрғындар арасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Байырғы тұрғындардың пікірінше, бұл жерлер мықты ата-баба рухынан қуат алады, бұл жерлерде болған адамдар жаман ойлар мен әрекеттерден арылып, денсаулықтарын жақсарта алады.

Олар ол жерлерді киелілер қатарына қосып, оларға құрметпен қарайды. Киелі болғанда да түсіндіруге келмейтін тылсым сипаттағы, ғажайып, магиялық, шипалы қасиетке ие жерлер деп қарайды.

Торыатбас тауы

Суреттерді ұсынған БҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top