Дамуға ұмтылу

19 октября 2017
0
2731

«Реалист болайықшы: ХХІ ғасырда тек қана еңбек барлық қазақстандықтарға дәулет пен өмірдің жаңа сапасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазақстандықтардың әлеуметтік жаңғыру саясатын қолдап қана қоймай, оны іске асыруға белсенді түрде атсалысатынына кәміл сенемін» деп атап өтті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында. Мемлекет басшысы сонымен қатар «Басты мақсат – кедейшіліктің өсуіне жол бермеу. Кедейшілік кез келген қазақстандық үшін де әлеуметтік келешекке айналмау керек. Әлемдік тұрақсыздықтың басты қаупі – жұмыссыздықтың өсуі. Елде іске асырылып жатқан барлық бағдарламалар – мемлекеттік те, салалық та бағдарламалар нақты жұмысқа орналастыруға септігін тигізу керек».

Халықтың өмір сапасын арттыру, адами ресурстарды дамыту мен іске асыру кез келген мемлекеттің мемлекеттік саясатының әлеуметтік қорғанысы негізінде тұруы керек, деп есептейді Ұлт көшбасшысы, сондықтан да біздің елімізде әлеуметтік саясат ерекше орын алады, оның ішінде халықты жұмыспен қамтуға ерекше мән берілген, себебі қазақстандықтардың табыс деңгейі, яғни әрқайсымыздың өмір сапамыз да осы факторға тікелей байланысты. Өз потенциалыңды ашып, іске асыру жолында шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі бағдарламалар үлкен орын алады.

– Қазақстанда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілген. Оның іске асу барысын ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қадағалап отырады, – дейді Орал қаласы жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Сағира Бимұхамбетова. – Негізгі параметрлерге сай бағдарламаның мақсаты халықты нәтижелі жұмыспен қамту мен азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады. Бағдарлама «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының орынды жалғасы іспеттес. Бағдарлама бойынша еңбек нарығының талаптарына сай қажет мамандарды дайындау, еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарына қысқа мерзімді дайындау курстарын ұйымдастыру, кәсіпкерлік негіздерін оқыту, шағын несиелеу және тағы басқа мақсаттарды көздеген.

Шындығында, несие көлемі қазіргі кезде бірталай ұлғайды – 18 млн. теңгеге дейін. Бағдарламада қойылған тапсырмаларды орындай отырып, 2021 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 4,8%-дан аспайды деп жоспарлануда. Бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. Мамандарды қысқа мерзімді және қайта даярлау мемлекеттік кәсіби лицейлер мен колледждер базасында жүргізіледі. Оқу мерзімі – үш ай. Курстық дайындық пен қайта даярлау кезінде «студенттерге» әлеуметтік қаржы (стипендия) төленеді. Оқу тәмамдалған соң мемлекеттік үлгідегі сертификат беріледі. Одан басқа жұмыспен қамту органдары олардың жұмысқа орналасуына да көмектеседі.

Мемлекеттік қолдауға ие болып, несие алғандардың барлығы да өз істерін бастап кеткен.

Қасым Сапашев Деркөл ауылында тұрады. Өз үйінің ауласынан керамзит тас шығаратын шағын цех ашып қойды.

Ол мемлекеттік бағдарламаға көңілі толатынын айтты. Мемлекеттен алынған қаржыға қажетті жабдықтарын сатып алды. Бұған дейін мұндай өндіріс туралы білмегенін де мойындайды. Барлық ақпаратты интернеттен алған.

Керамзит-бетон тастар шығару – табысты және келешегі мол өндіріс. Оған қоса, бәсекелестік те онша көп емес. Керамзит блоктар әлі көпшілікке танымал емес. Ал оларды жасау процесі қарапайым. Алдымен құм, цемент, суды араластырып, қоспа дайындалады. Тек құрам пропорциясын дәлме-дәл алу қажет, себебі дайын өнімнің сапасы осыған тікелей байланысты. Келесі кезеңде қоспа арнайы қалыптарға құйылып, вибропресске салынады да, кептірілуге қойылады. Қасымға қажет болған жабдық – ол вибропресстейтін машина мен бетон араластырғыш болатын. Оның шағын өндіріс орнында бірнеше адам жұмыспен қамтылған. Ауылдастары еңбек жағдайына да, жалақы мөлшеріне де риза.

Гүлмира Ғаббасова шаштараз ашқан. Хайролла Аяпов автохимиялық цех ашып, тосол өнімін шығарады. Мейерман Купешев қағаз сүлгілер шығаруды жолға қойған. Арнайы осы бағытта жігіттер жабдықтар да алған. Әрине, тек қана өз күштерімен бұл ойларын іске асыра алмас па еді, ал мемлекет тиімді жағдайда несие ұсынып, бизнес дамып кеткенше каникул да берді. Кәсіпкерлер алғашында күдік пен қиындықтардың да болғанын айтады, бірақ олар белдерін буып, ойларын іске асырған. Қазір өндірістерін біртіндеп дамытып келеді. Қызмет көрсету саласы қашан да табысты.

2013 жылдан бері қала маңындағы ондаған ауыл тұрғындары шағын бизнестің дамуын қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалардың қатысушы атанған.

Жұмыспен қамту орталығына келіп несиені қалай алуға болады, қандай мөлшерде, қандай пайыздық мөлшерлемемен, қандай салаға бағыттауға болады деп сұрақ қоюшылар келеді.

Әрине, алдымен қажетті құжаттарды жинап әкелу керек. Шағын несиені алу үшін де комиссияның қолдауына ие болатындай бизнес-жоспарыңыз да болуы керек.

Жеңілдікпен берілетін несиені ҚР азаматтары арасынан жұмыссыздар, ішінара жұмыспен қамтылғандар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, 29 жасқа дейінгі жастар, мүгедектер, қысқартуға тап болғандар, 50 жастан зейнет жасына дейінгі тұлғалар ала алады.

Талап біреу ғана – алынған несиені мақсатты жұмсау.

Шағын бизнес ауылды дамытып келеді. Жұмыс бар болса, жастар да қалаға бұрынғыдай ұмтылмайды.

Галиулла Шамильевич Валиев – Круглоозерное ауылындағы жұмыс беруші. Оның шұжық цехында жалақысын кепілді түрде алатын қызметкерлер жасайды.

«Валиев» ЖК өнімі нарықта бұрыннан белгілі және халық арасында сұранысқа ие. Ысталған ет өнімдерін – қақтама, аңшылық шұжықтар, полтавалық және краковтық шұжықтар, сосискалар мен қысқа шұжықтарды жақсы көретіндер осы өнім сатылатын сауда нүктелерін жатқа біледі.

Сонау 1983 жылы геолог-бұрғылаушы болып жасаған кезде де Галиулла жақсы табыс табатын. Мүмкін бәрі сол күйі қала берер ме еді, егер көршісі Дмитрий Михайлович Пискунов оны өзінің Дорожный тамақ комбинатының шұжық цехына жұмысқа шақырмағанда.

– Маған вахталық әдіспен жұмыс жасаған ұнамайтын, әрі жақында үйлі-баранды болғам, сондықтан да үйде тұрғым келді, ал ұсынылған шарттар ұнағандықтан келісе қойдым, – дейді кәсіпкер. – 160 рубль жалақы сол кездегі жағдаймен жаман емес, оған қоса азық-түлік те берілетін. Басында түрлі жұмыстарды жасадым – ыстаушы, пісіруші, турама етті қадағалаушы болып жүрдім, біртіндеп өндіріс бағытын түсіндім.

1994 жылы оны шұжық цехына бастық етіп ауыстырды. Сол жерде цехты жеке меншікке біреулер сатып алғанша жұмыс жасады. Сол кезде өз ісін бастау туралы ой келді. Ал немен айналысатыны туралы ойланбады да – шұжық өнімдерін шығару.

Тек қана тәжірибеге сүйеніп, кәсіпкер болу мүмкін емес еді, қаржы да қажет болды. Жинақ кітапшасындағы ақшасы да жетпеді, автокөлігін сатуға тура келді. Сол ақшаға пайдаланылған болса да, қажетті жабдықтарды сатып алды. Оны жөндеуге достары көмектесті. Алдымен жалға алынған ғимаратта жұмыс жасады. Бірнеше жыл бұрын Круглоозерный ауылындағы бұрынғы асхананың бұзылған ғимаратын сатып алды. Есік-терезесі де жоқ ғимаратты қалпына келтіріп алды. Нарықтағы бәсекелестік мықты болса да, «Валиев» ЖК өнімі сұранысқа ие болып отыр. Тұтынушылар ол өнімнің құрамындағы табиғи ингредиенттерді бағалайтын болуы керек.

– Мемлекет қазір жұмыс жасап, табыс табуға мүмкіндік беріп отыр, – дейді кәсіпкер. – Бастысы, қорықпай іске кірісу керек. Бизнесте тәуекел болмай тұрмайды, алайда ұмтылыс болса, мақсатқа жетуге болады.

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top