Дала теңізі

7 декабря 2017
0
3252

Жайық өңірінің інжу-маржаны. Шалқар көлін өңірімізде дәл осылай атайды.
Теректі ауданында облыс орталығынан оңтүстікке қарай 75 шақырым жерде орналасқан. Ұшақтан қарағанда жылтыраған көгілдір сопақ табақша тәріздес, қасына көлікпен жеткенде, жақұттай жарқырайды. Көл өзіне тартып тұрады: бір келген адам жыл сайын жазда келмесе тұра алмайтындай болады. «Дала теңізінің» сиқыры, міне, осындай.

Несімен тартымды ол сонда? Ең алдымен – суы, мөлдір де таза, үңілсеңіз құмдас су астын анық көре аласыз. Жағалауында тайыз болып келеді, оған балалар мәз-мейрам, тізеден келетін көл суын кешіп, жүгіреді де жүреді.

Суы ащылау, құрамы мен пайдалы қасиеттері жағынан теңіз суына жақын, кейбір параметрлері жағынан, мысалы, хлоридті-натрийлі минералдануы жағынан тіпті одан асып та түседі. Таза ауа, керемет жағажай, қазақтың қонақжайлығы жаз жағалауға толып кететін демалушыларға жақсы әсер қалдырады.

Көлдің пішіні сопақша-дөңгелек, солтүстіктен оңтүстікке қарай 18 шақырымға, батыстан шығысқа қарай 14 шақырымға созылған, аумағы 24 000 гектар. Жағадан бірталай жерге дейін тереңдігі екі метрден аспайды, содан 18 метрге жетеді. Шығыс жағында шағын теңізімізге екі өзен: Үлкен және Кіші Аңқаты құяды, ал одан Жайықтың тармағы болып табылатын Солянка өзені ағып шығады, құрғақшылық болған жылдары оның арнасы кеуіп те қалады.

Жағада ұлттық нақышта сәнделген киіз үйлер мен шатырлар қойылған, құдды бір көшпелі қалашық келіп қалғандай. Киіз үйлерге бірталай қонақ сыяды, аптап ыстықта күн көзінен құтқарса, көлде тұрған толқындары теңіздікін еске салатындай желді күні желден немесе еселеген жаңбырдан қорғайды. Жаңбырдан қорықпауға болады, жаздыгүні ол ұзақ болмайды, күн көзі сәулесін төгісімен, қоңыр салқын суға қайта күмп етуге болады. Қиялы ұшқыр адамдар өздерін теңіз жағасында жатырмын деп те ойлауына болады, себебі арғы жағалауға көз жетпейді. Жасыл-көк көл суы көкжиекте аппақ бұлттар қалқыған ашық аспанмен шектеседі – ұмытылмас бейне.


Қазақстанның киелі орындарының мәдени-географиялық белдеуі – ғасырлар бойы бізді символикалық тұрғыда қорғап, мақтанышымызды тудыратын құндылығымыз.

Нұрсұлтан Назарбаев, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»


Киіз үйлерден басқа қажетті нәрселермен жабдықталған жиһаздалған жайлы жеке үйлері бар демалыс базасы да бар. Кешкі уақытта би кештері мен басқа сауықтар ұйымдастырылады. Белгілі бір ақы төлеп атқа мініп, катамаран мен катерлерде серуендеуге мүмкіндік бар. Ресейліктер жиі келеді бұл жаққа. Сөз реті келгенде, киіз үйдің қожайындарына ұлттық тағам – бешбармақ пісіруге тапсырыс беруге болады, немесе газ плитасына өзіңіз кәуәп қуырып не басқа тағамды дайындап ала аласыз.

Жағалау кезінде жануарларға, әсіресе құстарға бай болатын. Бүгін де сұқсыр үйрек, қасқалдақ, айқабақ, қаратамақ торғай, құтандар, көздері қырағы бүркіттер мен лашындар, сымбаты аққуларды тамашалауға болады. Батпақ ителгісі, балшықшы, ақ немесе қара басты күлегеш пен күржікейді кездестіруге болады.

Күржікей, нақты алғанда еркегі – күйлеу кезеңінде әдеміленіп кететін сұлу құс. Бұл кезеңде қауырсындары түр-түске боялып, құбыла түседі. Күйлеу мерзіміне томпайып көзге түсетін мойнындағы «жағасы» мен басындағы «құлақшалары» таң қалдырады. Қомпиған маңғаз тауыс құсап, қыдырыстап жүреді, мақсаты – онысымен ұрғашысын қызықтыру емес, төбелесу үшін бауырластарын табу. Өте төбелесқұмар сотқар құс. Ал балшықшы құстар сырт келбетімен күржікейдің қасында еркегі мен ұрғашысы айырмасыз, тек майысқан тұмсығымен ерекшеленеді. Еркегі флейта тәрізді нәзік те мұңды мелодиямен сайрайды, онысымен өз аумақтарын белгілейді. Ал күлегеш – қарқылдап күлгендей дауыс шығаратын үлкен шағала.

Көлде шортан, қарабалық, көксерке, сазан, жайын, алабұға секілді көптеген балықтар бар. Демалушылардан әрірек барып, әлде күзге таман демалушылар қатары сиреген кезде, Шалқар оңаша қалған кезде балық аулауға да болады.

Шалқардың қасында Сантас пен Сасай аталатын екі тау бар, олардың бөктерінде эндемикалық өсімдіктер көптеп өседі. Жергілікті билік деңгейінде табиғи-рекреациялық нысан, тау шаңғылы курорт пен емдеу-сауықтыру кешенін салу жоспары туралы айтылып жүр. Себебі бұл жерде емдік қасиетке ие орташа сульфидті балшығы бар Әлжан көлі де орналасқан. Туризмді дамыту үшін де таптырмас орын.

Кезінде бұл жерде 1861 жылы Орал қаласында дүниеге келген Н.А. Бородин сияқты ғалым, ихтиолог, ағартушы да өз зерттеулерін жүргізген. Ол Шалқарда балық өсіріп, басқа да сынақтар жүргізген.

1768-1774 жылдары академик П.С. Палластың жетекші-лігімен Ресей ғылым академиясының ғалымдары зоологиялық экспедиция кезінде көлді жан-жақты зерттеген. Келесі экспедицияны 1952 жылы академик К.М. Бэрд бастап келген. Бұл тақырыпта басқа ғалымдар да кейінгі кезеңдерде оралып отырған. Ізденіс нәтижелері бойынша Шалқар ежелгі кеуіп қалған Хвалын теңізінің бір бөлшегі болса керек. Көл бола тұра, өз тұрақтарын оның жағасына салуға тырысқан оғыздар, печенегтер, қыпшақтарды қызықтырды.

921-922 жылдары Бағдад халифасымен бірге Еділ Булгариясына жасаған сапарында араб саяхатшысы, жазушы Ахмед ибн Фадлан өз жолжазбаларында Шалқар туралы, оғыздар, башқұрттар, булгарлар мен хазарлардың тұрмысы туралы жазған. Ауыр көшуден соң елшілік наурыздың жиырмаларында сол кездері шамамен Батыс Қазақстан облысының аумағын мекендеген оғыздардың еліне жеткен. Жергілікті ақсүйектер арасында оғыз әскерінің қолбасшысы Этрэктің ықпалы мықты болған. Ахмед ибн Фадлан қолбасшы мен оның әйеліне патшалық деңгейдегі сыйлық жасайды. Этрэк елшілікті құшақ жая қарсы алды, бірақ исламды қабылдау туралы ұсынысқа ойланып қалады да, халифке олар кері жүрер уақытта жауап беретінін айтады. Алайда Этрэк жинап алған әскербасылар исламды қабылдауды емес, елшілерді қайтеміз деген сұрақты талқылады. Ұсыныстардың бірі бойынша елшілердің әрқайсысын тонап, екіге айырып тастау немесе хазарлардағы тұтқындалған оғыздарға айырбастап алу болды. Осылайша, оғыздар елінде елшілік дипломатиялық тұрғыдан сәтсіздікке ұшырады, аман-есен құтылғандарына қуанды. «Жазбаларында» Ахмед ибн Фадлан кей оғыздардың он мыңдаған жылқылары мен жүз мыңдаған қойлары бар екенін, ал кейбірінің түгі жоқ, қайыр сұрап күн көргенін жазған.

Мұның бәрі өткен шақта қалды. Қазір Шалқардың аумағы өзгерді, бірақ бәрібір барлық жағынан алғанда да маңызды: қайталанбас табиғи ескерткіш ретінде, мәдени және сауықтыру нысаны ретінде, эстетикалық не Қазақстанның киелі орны ретінде де маңызы зор. Жайықтың «інжу-маржанының» еліміздің сакралды тәжінде лайықты әшекей боларына батысқазақ-стандықтар сенімді.

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top