«ДӘДЕМ АТА – ЖҰМАҒАЗЫ ХАЗІРЕТ» МЕКЕНІ – киелі жер һәм рухани орталық

23 ноября 2017
0
7136

«Киелі жер» дегенде біздің Батыс Қазақстан облысында көбіміздің көз алдымызға Самара-Шымкент күре жолының бойында, Орал қаласынан Жымпитыға қарай 80 шақырым қашықтықта орналасқан әулие Жұмағазы хазірет қорымы келе қалады. Хазіретті жергілікті халық «Дәдем ата» деп те атай береді. Күре жолмен ағылып жатқан көліктер әулиеге құрмет білдіріп, оның зират тұсына арнайы тоқтап, дұға бағыштап, жол жиегіндегі жәшікке тиын-тебенін салып өтеді. Әулиенің басы алыс-жақыннан әулиенің басына арнайы зиярат етіп, түнеуге келгендерден арылмайды, Шәкәрім атамыздың сөзімен айтқанда «Анық асыл – әулие» деп сенетіндердің бәрі Жұмағазы хазіретті әулие деп аса құрмет тұтады. Осындай құрмет тұтушы жандардың бірі, Жұмағазы әулиенің насихатына үлкен үлес қосып жүрген республикамызға танымал журналист Қазыбек Құттымұратұлы фейсбук парақшасындағы 01.10.2017 жылғы жарияланымда Жұмағазы хазірет туралы мол мәлімет-дерек келтіреді:

«… Жұмағазы хазіреттің қай кезде өмір сүргені, нақты деректері белгісіз. Ақиқаты – ол кісінің Кіші жүздің Жетіру бірлестігіне кіретін тама руынан екендігі. Жергілікті шежіреші Ким Ахметовтің «Жетіру шежіресі (тама, табын және кердері рулары)» атты кітабында (Орал қаласы, 2004 жыл, ISBN 9965-681-03-1, 13-14 беттер) Төлектен Мәтен, Мәтеннен Тәнтем, Тәнтемнен Тәуке, Тәукеден Жұмағазы хазірет деп таратады. Автор «Тәнтемді ертеден елі «Дәдем» атап кеткен, сол Дәдем тек тамалар емес, Батыс беттегі аяқ жетер жердегі қалың мұсылман қауымына аты белгілі әулие, атақты хазірет еді. Осы күндері оның жатқан жері – Қараоба Бұланы келім-кетімнен арылмайды. Ерекше қасиетіне сенген ұрпақтары аруағына табынады. Оның қыс қыстауы Қараоба бетте болғанымен, жаз жайлауы Оңтүстік Батыс жақтағы Қауыз, Тамасай деп аталатын кең жазық болған.

Жұмағазы хазіреттің өмір сүрген уақытын болжауға нақты мәлімет беретін деректің бірі – әулиенің анасына өз қолымен қойған құлпытас. Жұмағазы хазірет бұл ескерткішті өз анасы Айсұлу Тәнке зайыбына арнап қойған, марқұм 1875 жылы 78 жасында өмірден өткен. Сонда әулиенің анасы 1798 жылы туған адам болып шығады. Бұған қарап хазіретті ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында туған деп айтуға болады. Жұмағазы хазіреттің анасына қойылған құлпытас мәтіні тұңғыш рет «DANA.kaz» журналының 2013 жылғы № 5(6) санында жарияланған болатын.

Жұмағазы хазірет жас кезінде біраз жыл Түркістан қаласында, Әзіреті Сұлтан Қожа Ахмет Яссауи мешітінде әрі білім алған, әрі қызметінде болған көрінеді. Мұны бізге хазіреттің ұрпағы Ғарифолла Баймұрат-ұлы айтып берді.

– Бабамыздың көптеген қолжазбасы, пәлсапалық трактаттары болған екен. Кешегі аласапырандарда жоғалып кеткен. Бір дерегі шыға ма деп Астрахань, Орынбор, Алматы архивтеріне сұрау салып көрдім. Әттең, әзірге ештеңе табылмай тұр, – дейді Ғарифолла.

Бүгінде Жұмағазы хазірет «Дәдем ата» есімімен көбірек танымал. Бұл атаудың шығу тегі де өте қызық.

Хазірет зираты жатқан қорым әкімшілік бөлініс жағынан бүгінде Сырым ауданы, Шолақ-аңқаты ауылдық округіне қарайды. Бұл округ (орталығы Тоғанас ауылы) – бұрын «Правда» газеті атындағы кеңшар атанған әйгілі шаруашылық болатын. Егіні мен мал шаруашылығын қатар дамытып, бүкіл Одаққа әйгілі болған осы кеңшарды ұзақ жыл Виктор Шубин деген азамат басқарған. Оның «Социалистік Еңбек Ері» атанып, кеңшардың «миллионер ұжымға» айналуына да осы Жұмағазы хазірет әулиенің шарапаты тигендігін жергілікті жұрт жыр қылып айтады.

Жұмағазы хазіреттің тікелей ұрпағы Ғарифолла Баймұрат-ұлы 2009 жылдың 25 маусым күні Батыс Қазақстан облыстық департаментінде «Дәдем ата» жеке қорын тіркеуден өткізді.

– Атамның басына бірнеше жыл бұрын кесене көтердім. Бала күнімде әкем осы жерге алып келіп, «Мынау – сенің атаң! Бірақ, бұл жерден сынық ине алам деп ойлама! Керісінше, қызмет қыл!» деген болатын. Міне, сондықтан әулиенің басына алыс-жақыннан арнап келген халықтың қызметіне өзімді арнап, бірнеше жыл болды, осы жерге көшіп келдім. Бүгінде мұнда күн сайын келіп жатқан адам көп, ал жексенбі күні зияратқа келген халық саны 250-300-ге жетеді, – дейді шырақшы Ғарифолла.

Хазіреттің Үбінияз деген баласынан туған Жамбоздың немересі Ғарифолла Баймұратұлы қазақ халқының әулиеге құрмет, зиярат әдебі туралы білу үшін Қазақстанның әр жеріндегі киелі мекендерді арнайы көріп қайтыпты. «Арыстанбаб, Әзіреті Сұлтан, Шопан ата, Бекет ата секілді жерлерде болдым, ол жердегі зияратшы халыққа жасалған қамқорлыққа көңілім толды. Шіркін-ай, осы жерді де сондай мекенге айналдырсам!» деп армандаған Ғарифолла. Бүгінде шырақшының өз күшімен, жанашырлардың демеуімен зиярат орнында сәулетті мешіт, үлкен қонақ үй көтерілген. Халық күнде келіп, абыр-сабыр болып жатқан киелі мекенде бүгінде электр жарығы, табиғи газ желілері тартылған. Айнала абаттандырылып, су бұрқақ орнатылып, өрнектастар төселіп, көшет егіліп, керемет күйге түскен. Зияратшыларға барлық жағдай жасалған» (Бұл келтірілген мәліметтер Қ. Құттымұратұлының мақаласынан алынғанын тағы бір ескерте кетейін).

Атам қазақ «Халық айтса, қалт айтпайды» дейді. Ғарифолла Баймұратұлының қатысуымен болған отырыстардың бірінде «олай болса, ел-жұрттың бәрі киелі жер деп мойындайтын «Дәдем ата – Жұмағазы хазірет» мекенінің әлеуетін неге кеңірек пайдаланбасқа?» деген ойға қалдық. Сөйтіп, рухани жаңғыру, ел бірлігін нығайту, ұрпақтар сабақтастығы бағытындағы қоғамдық шараларды әл-әлеуетімізге қарай осы киелі мекенде өткізіп тұрамыз деп шештік. Әулие атаның басындағы бұндай тұңғыш шара 2013 жылдың мамыр айында жүзеге асып, «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне» арналды. Осыдан бастап, Жұмағазы хазірет киелі мекенінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін Ас және конференция форматында атап өту дәстүрлі шараға айналды. 2017 жылы бесінші рет атап өтілген Еске алу күнін «Дәдем ата – Жұмағазы хазірет» атындағы қоғамдық қоры (төрағасы Ғарифолла Жанбозов), «Ақ жол» демократиялық партиясының БҚО филиалы, Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорымен (төрайымы Дәметкен Сүлейменова) бірігіп ұйымдастырып келеді.Салт-дәстүрді заманауи үлгімен ұштастырған шара форматы көпшіліктің көңілінен шығып, оған 80 шақырым жерде орналасқан облыс орталығынан зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен студенттер қауымы, БАҚ өкілдері ықыласпен қатысады.

Батыс өңірінде Жаңа жылдың басы болып саналатын «Көрісу күнін» биылғы жылы кезекті рет атап өту барысында қоғамдық белсенді А. Бөкенов ұйымдастырған «Жыл адамы» байқауының аталым иелеріне дипломдар мен сый-сияпаттар тапсырылды. Сөйтіп, киелі мекен түрлі қоғамдық бастамалар жүзеге асатын орынға да айналып келеді.

Соңғы жылдары Жұмағазы хазірет киелі мекені мемлекетіміздің бас мерекесі – Тәуелсіздік күнін атап өту мәселесінен де тыс қалған емес. Осы атаулы күннің құрметіне жыл сайын киелі мекенде Тәуелсіздік жолында қаза тапқан барша аруаққа Құран сүрелері бағышталады, дастархан жайылады. Жылдың атаулы даталары, маңызды оқиғаларына арнап баяндамалар оқылады. Мысалы, 2016 жылдың желтоқсан айында өткен осы шарамызда Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының шешімі бойынша «2016 жыл – Яссауи жылы» екенін ескеріп, заңгер Абзал Құспан «Яссауи және қазақ өркениеті» тақырыбы бойынша көптеген тың мәліметтер берді.

«Дәдем ата – Жұмағазы хазірет» өзге де түрлі қоғамдық-көпшілік шаралар, мысалы Ораза айт, Құрбан айт, әулиелерге (соның ішінде Жұмағазы хазіретке) арналған ас, т.с.с өткізіліп тұрады. Негізі, әулиені құрмет тұтатын қауым ішінен әртүрлі ұлт өкілдерін, әртүрлі конфессия ұстанушыларды байқауға болады. Сөйтіп, Дәдем ата киелі мекені азаматтардың басын біріктіруші сипатқа ие рухани орталыққа айналып келеді. Және бұнда жанына дауа, дертіне шипа іздеген жандар еліміздің түпкір-түпкірінен ғана емес, Ресей Федерациясынан да ағылып келе жататынын айта кетейік.

Киелі мекендегі көпшілік шаралардың қатарына Самара-Шымкент күре жолының киелі мекен тұсындағы аумағына жүргізілетін жыл сайынғы дәстүрлі сенбілікті жатқызуға болады. Биылғы сенбілік «22 сәуір – Дүниежүзілік тал терек егу» күнімен ұштастырылып, киелі мекеннің айналасына талшыбық отырғызылды. Сөйтіп, сенбілік барысында бұрыннан бар тал-терек қатары аллея деген атаққа лайық болатындай көлемде молайтылды. Аллея демекші, акция барысында егілген теректер қатарын биылғы Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толу құрметіне «Алаш аллеясы» деп атау туралы «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсының координаторы, тіл жанашыры Серік Ерғалидың идеясы Ж. Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының төрайымы Дәметкен Сүлейменова тарапынан қызу қолдау тапты. Өз басым, «Дәдем ата – Жұмағазы хазірет» киелі мекеніндегі игі істер мөлшері аталған аллеядағы ағаштардан әлдеқайда көп болатынына сенемін. Бұл сеніміме бір жағынан республикамыздағы киелі жерлер қатарына «Дәдем ата – Жұмағазы хазірет» мекенінің енгізіліп жатқаны жайлы ақжолтай хабардың негіз болғанын да жасырмаймын.

ҚР Журналистер одағының мүшесі Нұрлан Сәдірдің
сөзінен жазған А. Суетин
Суретті түсірген Нұрлан Тастанбеков

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top