Болашаққа көз тіге…

22 июня 2017
0
1658

«Стекло-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін таныстырып жатудың өзі артық. Он алты жыл ішінде оның мәртебесі өсіп, жан-жаққа танылып үлгерді. Жыл сайын кәсіпорынның танымалдылық аясы кеңейіп, ұжым өндіретін өнім ассортименті де өсе түсті.

Өткен жылы маған алғаш рет Абылхайыр хан даңғылындағы «құлап бара жатқандай» қасбеті әйнектен жасалған үлкен ғимаратта болудың сәті түсті, және сол кезде маркетолог Наталья Осокинамен жұмыстың қалай басталғаны туралы әңгіме қозғағанымыз есімде. Алғашқыда қарапайым әйнек кесумен ғана айналысатын шағын шеберхана болғанына бүгінде сенудің өзі қиын. Штат шағын болатын, және осы кәсіпорынды басқарушы Аркадий Рубцов сол кезде жеңді түріп жіберіп, іске сыбана кіріскен болатын. Бір қызығы, осы жылдар ішінде өндірістік қызмет ерекше өзгерістерге ұшыраған жоқ. Кәсіпорын әйнекті өнеркәсіптік қайта өңдеумен айналысып, жалпақ әйнек пен айналарды көтерме партиямен сатты.

Алғашқы кезде тұрғындарға ғана әйнек кесіп берумен айналысты. Бірнеше адам түрлі еңбек қызметін біріктіре жасады. Кесушілер көбінесе сату жөніндегі менеджерлер қызметін атқарды, ал қажет болған жағдайда – жүк түсіруші де болды.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашылған кезде өндіріс жұмысы жеңілдеп қалғандай болды. Шыныпакет шығару учаскесі ашылып, көп ұзамай әйнекті өнеркәсіптік көлемде қайта жасау бойынша цех жұмыс жасай бастады.

Нарық географиясы да кеңейе түсті. Енді тек Орал қаласы мен Батыс Қазақстанның басқа да қалалары емес, сонымен қатар республиканың басқа да аймақтарына таныла бастады, ал шамамен 2011 жылдан «Стекло-Сервис» ЖШС өз өнімін Ресей Федерациясы территориясына жеткізе бастады.

Қазіргі кезде Орал кәсіпорны шығарған маркировкалы бұйымды Түркменияға жіберу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Орал қаласындағы жеке өндірістік базасынан басқа ЖШС бүгінде Ақтөбе, Атырау, Астана қалаларында коммерциялық филиалдарға ие.

Ертеңгі күнге көз тіге отырып, компания басшылығы өндірісті кеңейту және модернизациялау мәселелеріне баса назар аударады. Бірінші кезекте 2012 жылы іске асқан өндірістік кешенді түбегейлі жаңарту көзделіп отыр.

Жаңа ғимарат пайда болып, алаңдар үш мың екі жүз шаршы метрге үлкейді. «Даму» аймақтық кәсіпкерлікті дамыту қорымен ынтымақтастық орнату арқылы жаңа технологиялық құрал-жабдық алынды, олардың ішінде әйнекті шынықтыруға арналған пеш, ламинадталған әйнек (триплекс) шығаратын жолақты және сандық бағдарламалық басқару өңдеу орталығы алынғанын атап өткен жөн. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жеңілдік пайыздық мөлшерлемесі бойынша субсидиялау мүмкіндігінің берілгені өндірісшілерге үлкен көмек болды.

Енді компания өнім көлемін жаңа цехтарда шығарып, ассортиментін кеңейту мүмкіндігіне ие болып отыр. Осылай, шыныққан әйнек шығару игерілді. Бұл маңызды операция Финляндиядан алынған Glasston FC500 конвекциялық пештің көмегімен орындалады.

Шыныпакеттерді өндіру бойынша көп жұмыс атқарылды. Біріншіден, оның жетпіс пайызы автоматтандырылған. Австрияның Lisec компаниясы шығарған автоматты жинау жолағы пайда болды. Сондай-ақ Lisec BSV-45 дистанциялық жиектемені июге және AIPL молекулярлық қалбырды толтыруға арналған қондырғылар орнатылды.

2015 жылы кәсіпорын зор табысқа қол жеткізді – «Қазақстанның Үздік Тауары» республикалық байқау қорытындысы бойынша «Қазақстанның өндірістік бағыттағы Үздік Тауары» номинациясында екінші дәрежелі дипломант атанды.

– Өткен жылы, – дейді Наталья Осокина, – «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрменің бірқатар ірі нысандарын тұрғызу және әрлеу жұмыстарына қатыстық. Бұл ретте бізге өзіміздің облыстық әкімшілік көмек қолын созды. Біз еліміздің тарихындағы ірі көрменің тапсырыс берушісіне және екі бас мердігеріне шығып, қонақтар қабылдайтын демонстрациялық қалашықты дайындауда өз үлесімізді қосуға мүмкіндік алдық. Бірнеше нысандарды, павильондар арасындағы өтетін орындарды әйнектедік, сатылы қоршау жасадық. Былтырғы көктем кезінде «СЕМБОЛ» түрік фирмасының бас мердігерінің бірімен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойдық.

– «ЭКСПО-2017» бойынша бәсекелестеріңіз көп болды ма? – деп сұрады осы жолдардың авторы.

– Иә. Тек отандық емес, сонымен қатар шетелдік бәсекелестер де болды. Бірақ бізді бұл қорқыта алмады. Біз өз мүмкіндіктерімізді білеміз, қалай ұсыну керектігін де жақсы білеміз. Бұл дегеніңіз өнімнің тиісті сапасы, жеткізу мерзімі, баға, логистика… Оның үстіне біздің фирма экспортқа шығаруға бейімделген, мол тәжірибе жинақтаған кадрлар жұмыс жасайтын кәсіпорын.

«Стекло-Сервис» ЖШС өз бұйымдарының бір бөлігін – қалқаларды Астанадағы Назарбаев Университетіне тапсырады.

Жуырда кәсіпорынға әйнекке түрлі-түсті жазу түсіретін автомат станок алынды. Бұл шығаратын өнім ассортиментін елеулі түрде кеңейтуге мүмкіндік берді және, ең алдымен, шкаф-купе, ас үй жиһазы интерьеріне арналған – қалқалар екенін айта кеткен жөн.

– Тапсырыс берушінің қалауы бойынша, – деп сөзін жалғастырды әңгімелесуші, – енді әйнек бетіне кез келген бейнені, оның ішінде фотографиялық бейнені тұтынушының ұсынысы немесе өзіміздің ұсынымыз бойынша сала алатын боламыз. Таңдау – кең, ең бастысы – сапа, тағы да сапа.

Айтып өткенімдей, 2012 жылы кәсіпорында өндірісті модернизациялаудың бірінші кезеңі өтті, ал қазір екінші кезеңі өтуде. Қолданыстағы өндірістік кешен орналасқан Сергей Тюленин көшесінде тағы да жаңа корпус құрылысы жүріп жатыр, ол іске қосылған кезде өндірістік процестерді жүз пайызға автоматтандыру мүмкіндігіне ие боламыз. Қазір бұл көрсеткіш жетпіс пайызды құрайды.

Өндірістік алаңдар тез өсетін болады. Сол кезде штат саны да өседі. Қосымша әйнекшілер, операторлар, инженерлер қажет етіледі.

– Бізде өндірістік алаңдар өсетін болады, – деді маған. – Біз оларды оңтайландыруды жұмыс қолдары босаған жерлерде де жүргіземіз, оларды қайта оқытуды ұйымдастырамыз. Бір кездері тағылымдамадан өту үшін шет елдерге, мысалы, әйнекті өңдеу және шыныпакеттерді жинауға арналған құралдар нарығындағы көшбасшылардың бірі – Литвадағы ERTEKA компаниясына жолдаймыз. Кәсіпорында орташа басқарушылар мен жұмысшылар біліктілігін арттырудың тұтас жүйесі табысты түрде әрекет етеді. Мамандардың бір бөлігі тиісті курстарда оқиды, ал бір бөлігі – түрлі мамандандырылған халықаралық көрмелер мен форумдарға қатысады, айтар болсақ, «Әйнек әлемі» – Мәскеу қаласы, Ресей, «Classtec» – Дюссельдорф қаласы, Германия… Бизнес бойынша серіктестеріне, жабдықтар, материалдар, шикізат жеткізушілерге тәжірибе алмасу үшін барған кездері мамандар көп нәрсені үйреніп, көріп қайтады.

Наталья Осокина өзі туралы айта отырып, шетелде, алыс және жақын шетелдерде іссапарларда болған кезде көрмелерге, музейлерге барып, өзі және ұжымы үшін қажетті жаңа нәрселер туралы неғұрлым көбірек біліп қайтуға тырысатынын жеткізді.

«Стекло-Сервис» серіктесті-гінде екі жылға жуық уақыт қаламыздағы мектеп оқушылары мен арнайы орта оқу орындарының оқушыларын қабылдап, өндірістік цехтар мен учаскелер бойынша экскурсиялар ұйымдастырылады. Оларды облыстық кәсіпкерлер палатасы жібереді, кәсіпорын қызметкерлері оқушыларды қуана қарсы алады. Өйткені оқу орнын тәмамдаған соң осы оқушылар қызығушылық танытып, болашағы бар өндіріс орнына жұмысқа тұруы әбден мүмкін. Кәсіпорында талап етілетін кей мамандықтар бойынша қала мен облыстың кәсіптік-техникалық оқу орындарында мамандар дайындамайды. Оларды оқытумен «Стекло-Сервис» ЖШС айналысады, олар – әйнекті қайта жасаушы жұмысшылар, немесе әйнекшілер десек те болады.

– Қазір біздің жұмысымызда жаңа бағыт пайда болды, – деп қуанышымен бөлісті Наталья Осокина, – финдік «ЛАММИН» фирмасымен бірлесе отырып, біз жуыр арада Сергей Тюленин көшесіндегі жаңа корпуста еуропалық стандарттар бойынша өндірілетін ағаш есіктер шығара бастамыз. Ол энергия үнемдеуіш болғанымен қатар, эстетикалық түрде әсем және сапалы өнім болмақ. Сол себепті жаңа жоғары білікті мамандар қажеттілігі бізде тек өсе түсетін болады.

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top