Бизнес шағын – әлеуеті зор

17 августа 2017
0
1752

Отандық бизнесті, әсіресе шағын және орта бизнесті нығайтып, дамыту үшін мемлекет тарапынан көп нәрсе жасалуда. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да өз бөлімшелерімен бірге осы үлкен де маңызды істен тыс қалып жатқан жоқ, республиканың экономикасына өзіндік үлесін қосып, кәсіпкерлік класын қалыптастыруға атсалысуда. Іскер адамдарда немесе ісін бастағалы жүрген адамдарда қандай да бір сұрақ не мәселе туындамасын, палата мамандарының білікті кеңесін ала алады. Биыл күзде, қазан айында, біздің облысымызда бұл қоғамдық ұйымның пайда болғанына төрт жыл толады. Осы уақытта қандай жетістіктерге қол жетті, жұмыс барысындағы басымдықтар мен болашаққа жоспарлар туралы – міне, осы және өзге де сұрақтар төңірегінде біздің тілшіміз БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Н.С. Қайыршинмен сұхбаттасты.

– Біздің негізгі мақсатымыз, – деп бастады әңгімесін Нұрлан Серікұлы, – бизнестегі адамдардың мүдделерін қорғау, олардың жұмысындағы түрлі әкімшілік кедергілерді жою, түрлі мәселелерді шешуге ықпал ету, «Бизнестің жол картасы-2020» аясында қолдау көрсету болып табылады. Қаржылық емес бөлімде бірнеше бағыт бар, олардың бірі – «Бизнес-мектеп». «Бизнес-мектеп» өзін кәсіпкерлікте байқап көргісі келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын, бірақ әзірге дайындығы әлсіз жандарға арналған. Осы шаралардың арқасында халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуге, әсіресе, облыс аудандарында жұмыссыздар санын қысқартуға мүмкіндік туды. Былтырғы жыл ішінде ғана «Бизнес-мектеп», өзге де оқыту жобалары арқылы жалпы алғанда 900-ден астам адам өткен. Биылғы жылы күтіліп отырған нәтиже бұдан төмен емес.

Бизнесті жүргізу негіздеріне үйренген соң бұрынғы жұмыссыздар немесе өзін-өзі жұмыс-пен қамтушылар бәсекелестік еңбек нарығына өздері ғана қатысып қоймай, өзгелерге де жұмыс бере алады. Бүгінгі күнге нақты тәжірибе жинақталып, және де ол үлкен сұранысқа ие.

– Осы туралы кеңірек әңгімелеп бересіз бе, Нұрлан Серікұлы…

– «Мектеп» үш деңгейге бөлінген, олардың әрқайсысының өз мақсат-міндеттері бар. Мәселен, «Бизнес-Кеңесші». Екі күнге есептелген бұл курсқа өз ісін ашқысы келетін кез келген адам қатыса алады. Бұл жерде ол адам бизнестің негізі туралы біле алады: қалай тіркелу керек, салық төлеудің қай түрін таңдаған жөн және т.с.с. «Бизнес-Өсім» – осы саладағы кішкене тереңдетілген білім мен дағдыларды қамтиды. Бес күн ішінде тыңдаушылар бизнес-жоспар құруды үйреніп, күнделікті іс жүргізудің қыр-сырын: неден бастап, қаржыны, жабдықтар мен материалдарды қайдан алу, түрлі қатерлерді, шығындар мен күтілетін табыс көлемін алдын ала есептеуді үйренеді. Және соңғы деңгей – жобалық оқыту аталады. «Курсанттар» нақты идея – жобаны ұсынып, тәжірибелі мамандардың көмегімен осы жобаларын тиімді түрде іске асырумен айналысады. Бұл курстарға екі апта беріледі. «Бизнес-мектеп» қызметі оны қолданатындар үшін тегін болады.

– Орал қаласындағы осындай курстарға барып көрген едім. Ауыл тұрғындары үшін осы қызметтер қаншалықты қол жетімді?

– Әр ауданда біздің облыстық палатаның филиалдары бар, онда кәсіпкерлерді қолдау орталықтары бар. Осы құрылымдар ауылдық жерлерде жергілікті билік өкілдерімен, халықты жұмыспен қамту органдарымен тығыз байланыс ұстай отырып, жұмыстанады. Топтар жиналған бойда мамандар елді мекендерге барады, елді мекеннің аудан орталығы болуы міндетті емес, өз ісін бастағалы отырған бизнесмендердің тұрғылықты жері бойынша шағын ауылдарда да оқыта береді. Аудандардағы кәсіпкерлерді қолдау орталықтары мен біздің филиалдарымыздың мамандарының міндеттері осымен шектелмейді. Олар сонымен қатар, түрлі сервистік қызметтер көрсетеді, әсіресе, оларға бухгалтерлік және заңгерлік сипаттағы мәселелер бойынша жиірек келеді. Ірі шаруашылық иелерінде өз экономистері мен заңгерлері болса, шағын кәсіпкерлердің ондай мүмкіндіктері жоқ. Біздің қызметкерлеріміз тек кеңес беріп қана қоймай, кез келген құжаттарды, толық шешіміне дейін сүйемелдейді. Сонымен бірге билік өкілдерімен қарым-қатынас орнатуға жәрдемдеседі. «Бизнес мектебі» курстарында оқыту сияқты, бұл қызметтер де ақысыз көрсетіледі.

Естеріңізде болса, біз тікелей қаржылық қызметтер көрсетпейміз, алайда мамандарымыз өз ісін жаңа бастаған немесе көптен айналысатын кәсіпкерлерге отандық бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың бірі арқылы қаржы алуына көмектеседі. Бұл жеңілдікпен несиелендіру, түрлі гранттар мен лизингке жабдық пен техникаларды алу болуы мүмкін… Мен мынадай мәлімет келтіре кетейін. Тек былтырғы жыл ішінде облыстық палата мамандары арқасында ауылдық кәсіпкерлер мемлекеттен түрлі бағдарламалар аясында 1,6 миллиард теңге көлемінде қаржылай көмек алған.


«Үшінші бағыттың мақсаты – еңбек потенциалын дамыта отырып, жұмыс табуға жәрдемдесе отырып, еңбек ресурстарының жұмыс берушінің қажеттілігіне сәйкес кәсіби және аумақтық жинақылығын көтеру арқылы халықты нәтижелі және тұрақты жұмыспен қамту».

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020»
мемлекеттік бағдарламасы


Облыс орталығында бізде осындай кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бар. Ол сервистік қызметтерді кең көлемде көрсетеді: бухгалтерлік, заңгерлік, кедендік, маркетингілік, мемлекеттік сатып алулар бойынша, биыл пайда болған мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бойынша.

– Нұрлан Серікұлы, біз Сізбен, негізінен, жаңа туындағалы отырған кәсіпкерлік туралы, оған сіздің палата тарапынан көрсетілетін көмек туралы айттық. Ал егер адамның бизнесі жолға қойылған болса, бірақ тағы өскісі, ісін кеңейткісі келсе, оған жәрдемдесесіз бе?

– Әрине. Бұл жағдайда біз шетелдік әріптестерімізді іске қосамыз. «Аға сеньорлар» бағдарламасы бойынша аймағымызға үлкен тәжірибесі бар сарапшылар келіп, біздің кәсіпкерлерімізге кеңес беріп тұрады, олар әдетте өз отандарында белгілі бір салада жетістікке жеткен зейнеткерлер болады. Мысалы, былтыр Канададан екі адам келді. Олардың бірі біраз уақыт «Нұржанар» кәсіпорнында, одан соң жергілікті жер асты су көздерінен алынатын ауыз су шығаратын цех іске қосылған Қаратөбе ауданында жұмыс жасады. Ал келесі сарапшымыз Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылындағы сүт өндірісінің істерімен танысты. Олар өз іссапарлары соңында жергілікті кәсіпкерлерге кәсіпорындарының жұмысын жақсарту мақсатында, өнімдерін ішкі және сыртқы нарықта ілгері бастыру үшін бірнеше шаралар ұсынды.

Олардың қызмет ақысы мен тұру және тамақтану ақысын мемлекет өз міндетіне алады.

«Іскерлік қарым-қатынастар» – іскерлік саладағы адам өз білім және дағды байлығын толықтыру үшін керемет мүмкіндік. Алдымен олар шамамен бір ай ішінде Қазақстанда оқудан өтеді, ал содан соң шамамен тағы да сондай мерзімге осы саладағы компанияда тағылымдамадан өту үшін шетелге аттанады.

Биылдан бастап біздің жұмысымызда тағы бір маңызды бағыт пайда болды – мемлекеттік-жеке меншік әріптестік. Қазір мемлекеттің іске асырып отырған саясаты бойынша мемлекет бизнес өзі де табысты жұмыстана алатын салалардан кеткісі келді. Мысал келтіре кетейін. Оралда жиырмадан астам жеке балабақша бар, олардың саны күннен күнге артып келеді. Облыс аудандарында да жеке балабақшалар ашылуда, Чапаев ауылында екеуі ашылған. Бұл жағдайда да мемлекет жеке кәсіпкерлерге «Балапан» бағдарламасы аясында көмек көрсетеді, мысалы, әр балаға он сегіз-он тоғыз мың теңге көлемінде субсидия бөлінеді. Не үшін? Бәрінен бұрын мемлекеттік балабақшалардағы ақыны жекелермен теңестіру үшін.

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің медицина саласында да мүмкіндігі зор. Бара-бара жекеге берілетін емханалар мәселелері қазір тыңғылықты қарастырылуда.

Суреттерді түсірген автор және Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top