Бизнес – алға ұмтылыс

6 июля 2017
0
1529

Былтырғы қыркүйектің жаз күніндей жылы күндерінің бірі есіме түсіп кеткені. Орал қаласының теннис орталығында «WESTKAZ INVEST» ІІІ Халықаралық инвестициялық форумына соңғы дайындықтар жүріп жатырған таң мезгілі еді. Уақыт тығыздығы қысқан қарбалас шақта «Евротекстиль» перделер салонының иесі Зульфия Оразғалиевадан интервью алғанмын. Екеумізді де асықтырған  мәселе – сағат-сағат жарымнан соң сұхбаттасым форумнан тікелей әуежайға жүргелі отыр, АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласына жол тартпақ. Фирмасының кемпірқосақ түстеріндей мың құбылған әдемі өнімдерін көрсету үшін кең павильонға өз орнына екі-үш қызды қалдырып кетеді екен. Америкада екі ай болуды жоспарлаған Зульфия ол жақта бірнеше жылдан бері айналысып жүрген кәсібін одан әрі қалай жүргізіп, дамыту туралы білімін екі ай бойы жетілдірмек.

Ол кезде мен таң қалғаным рас – жердің түбіне барып, өз қалтасынан көлемді соманы төлеп, онсыз да жақсы жүріп тұрған кәсібі бар адам оқимын дегеніне.

Жақында Зульфия Оразғалиевамен кездесіп қалып, мұхит асып барып келгендегі әсерімен бөлісуін сұрадым.

– Бәрі керемет болды! – деді ол күлімсіреп. – Көп нәрсе біліп алдым. Ең алдымен – олар қайда, біз қайда екенімізді түсіндім. Олар, америкалықтар, бизнесті ұйымдастыру жағынан бізден көш ілгері. Біз әлі екпіндетіп алға ұмтылуымыз керек. Мысал келтірейін. Биыл ғана компьютерлік бағдарламамен жұмыс жасайтын тігін машиналарын алған болатынмын. Біз үшін алға басқан бір қадам, техникалық үдеріс сияқты болған бұл өнімдер мұхиттың ар жағындағы осындай өндірушілерге өткен күннің белгісіндей. Бірақ олардағыдай технологиялық жабдықтарды мен сатып ала алмаймын – өте қымбат.

Сол күндерден ерекше тағы бір естелік. Алыстағы өндірушілер өнімдерін тек қана жаңа тиімділігі жоғары жабдықтарда ғана шығармайды. Жұмыстарының бір бөлігі – қолдан жасалған. Әрине, олардың бағасы да сәйкесінше – машиналармен өндірілген өнімдерден бірталай, екі есеге дейін жоғары. Сатып алушылар да міндетті түрде табылады, себебі бұл заттар эксклюзивті сипатта, өздері құдды өнер туындысы дерсің.

– Өз салоныңызда ертеде біздерде жасағандай осындай дара бұйымдар жасау ойыңызда жоқ па? – деп сұрадым Зульфия Оразғалиевадан.

– Жақын арада әзір жоқ, – деп шынын айтты ол. – Ондай өнім өз сатып алушысын таппайды. Бізде алдымен сенімділік, қолайлылық, төзімділік бағаланады. Содан соң баға жағы да соңғы роль ойнамайды. Өкінішке орай, эксклюзивті, белгілі бір клиент талғамына жасалған дүние бұл өлшемдерге сәйкес келе бермейді.

Зульфияның бизнеспен айналысқанына көп бола қойған жоқ. Алғашында оның өмірлік жоспары мүлде басқа салаға бұрылғалы тұрған болатын. Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында Атырау қаласындағы колледждердің бірін тәмамдаған ол (мамандығы – суретші-модельер), Алматыға келіп, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына орналасады. Бірнеше жылдан соң театр және кино суретшісі болып, академия қабырғасынан шықты. Абай атындағы опера және балет театрының декорациялық шеберханасындағы жұмысы өзіне қатты ұнайтын. Алайда, сол оңтүстік астанадағы «Евротекстиль» компаниясына жұмысқа шақырғанда, өзін басқа салада да байқап көрмекші болады. Соңғы кездері өзін түрлі маталар қызықтыратынын, сол сиқырлы да қайталанбас әлемге тарта беретінін байқап еді. Және кәсібилігі үшін төленетін ақы да театрдағыдан анағұрлым жоғары еді. Қызметкердің тырысып жүргендігін, одан көп үміт күткен басшылық Астанада жаңа бөлімше ашылар кезде Зульфия Оразғалиеваны атқарушы директор етіп тағайындайды.

2011 жылы әскери қызметтегі жолдасы Асылбекті қызмет бабымен біздің қаламызға жібергенде, Зульфия онымен бірге келді. Біраз уақыт жұмыстан бос қалып, отбасымен, балалармен айналысты. Бірақ белсенді, іскер, талапты әйел үшін бұл аз еді. Жаны тағы бір нәрсені қалап тұрды. Көп ұзамай жолдасының көмегімен, бұрынғы байланыстарын пайдалана отырып, мақала басында атап өткен кәсіпорынды ашты.

– Егер де мемлекет көмегі болмаса, – деп ашық айтады кәсіпкер, – менің қолымнан келер нәрсе аз еді. Бәрі білетін «Даму» қоры арқылы 42 миллион теңге… шындығына келсек, – деп түзетті ол, – бастамада ол кәдуілгі 16 пайызбен алынған несие болды. Соңынан «Даму» қорының мамандарынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы туралы біліп, несиемізді жеңілдікпен 6 пайыздамамен берілетін етіп қайта қаржыландырдық. Қалғанын мемлекет өтейді.

Өткен жыл бойына «Евротекстиль» жұмысында біраз өзгерістер болды. Арнайы киімдер тігу жұмысын қолға алды, ол үшін ұжымға тағы да мамандар алуға тура келді.

– Қалада негізгі бұйымдарымыз бойынша да, арнайы киімдер бойынша да бәсекелестеріміз бар, – дейді Зульфия Оразғалиева, – бірақ бұл бізді одан әрі сапалы жұмыс жасауға ынталандырады. Ательемізде тапсырыс көп, соның ішінде көмірсутекті кен орындарында жұмыстанатын компаниялар мен ірі шаруашылықтар да бар. Бір-екі айға жұмыспен қамтылғанбыз. Өнімнің үлкен тапсырыстары – ролл-перделер, жалюзилер – «ЭКСПО-2017» нысандары үшін, әсіресе абыройлы  халықаралық көрменің қонақтары орналасатын қонақүйлер, хостелдер үшін болды.

Салон ұжымы өз клиенттеріне перделерді тазалау қызметін де ұсына бастады. Сонымен қатар, мұнда келіп ұнаған матаны таңдап алып, өз үйіңізде немесе басқа жерде тіктіруіңізге болады.

Жас кәсіпкеріміздің жақын арадағы жоспарларында 6-шы шағын ауданнан өз өнімдерін сататын дүкен ашу бар.

Осы жақында ғана «Евротекстильде» он шақты ғана тігін машинасы ғана болса, қазір сатып алынған жаңаларын қосқанда 35 машина жұмыс жасап тұр. Арнайы киімдерді көбірек дайындау мүмкіндігі туды.

– Кадр мәселесін шешуге де көмектесетін «Дамуға» алғысымыз шексіз, – деді Зульфия Оразғалиева. – Мен әдетте оларға ұсыным жіберемін, олар қалалық жұмыспен қамту бөлімі арқылы тігінші, пішуші сияқты мамандарды маған жібереді… Жақында, мысалға алсақ, облыстық нашар еститіндер қоғамынан бірнеше адамды жұмысқа алдық. Жуырда «Дамуға» тағы бір өтінішпен баруымыз керек, қосымша тігін шеберлері қажет болады.

Тігін өндірісінің иесінен қазіргідей дағдарыс кезінде тиімді жұмыс жасаудың қандай кәсіби құпиялары бар екенін сұрадым.

– Құпия біреу ғана – мен клиенттерге өзім барамын, тіпті әлеуетті клиенттерге де. Мысалы, ұлттық валютамыз алғашқы девальвацияға ұшыраған кезде өнімімізге сұраныс азайып кеткенде, Қазақстанның батыс аймағындағы әр облысты өз аяғыммен аралап шықтым, көптеген адамдармен кездесіп, кәсіпорнымыз туралы айтып, өнімдеріміздің үлгілерін көрсеттім, үйден алыстағы осы «турларым» өз жемісін берді. Басқаша болмайды. Қол қусырып, дағдарысты сөгу – менің ережелеріме сай келмейді.


Қазіргі жаһандық дағдарыс біздің басымызға күтпеген жерден келіп түскен жоқ. Мен жаңа толқынның қайткенде де келіп соғатынын талай рет айтқанмын. Бұл жолы Қазақстан дағдарысқа қарсы алдын алу стратегиясын алғаш рет қолданып отыр.

Біріншіден, біз қазірдің өзінде индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын бастадық, яғни шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудамыз.

Екіншіден, біз «Нұрлы Жол» Мемлекеттік инфрақұрылымдық даму  бағдарламасын қабылдадық. Дағдарысқа қарсы шаралардың маңызды аспектісі ұлттық валютамыз теңгенің еркін бағамға көшуіне байланысты болды.

Үшіншіден, біз «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудамыз.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың жолдауы
«Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму»


Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top