Біздің таныс та бейтаныс саябақ

30 ноября 2017
0
3539

Біздің саябақ елдің, қаланың, халықтың тағдырын тең бөліскен. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында пайда болған саябақ революцияны, Азаматтық және Ұлы Отан соғыстарын, су тасқыны мен өрттерді де бастан өткерді. Алғашқы ағашын патшаның үкімімен атаман Столыпин отырғызған. Әр жылдарда бұл жерге Л. Толстой, А. Толстой, Х. Есенжанов, Т. Жароков, С. Мұқанов, М. Шолохов, Қадыр Мырза Әлі, Ж. Молдағалиев келген. Өздері бала кезінде асыр салған, жүректері лүпілдеп ғашықтарымен кездесуді күткен, таң шапағымен бұлбұл әнін тыңдаған саябаққа қала тұрғындары енді өз немерелерімен келіп, өмірлерінің бақытты сәттерін еске алады. Сондықтан да бұл саябақ көптеген оралдықтар үшін киелі орынға айналған.

Саябақ – кіші отан, Жайық өңірінің бір бөлшегі, оралдықтар үшін осы махаббаттан үлкен Отанға – Қазақстанға деген махаббат бастау алады.

Өткен ғасырдың 20-шы жылдары саябақтың жағдайы мүшкіл болатын. Панасында патшалар, хандар, атамандар мен ақын-жазушылар қыдырған ағаштар снарядтармен жараланып, саябақтың іші-сырты жертасалармен қазылып жатты. Саябақтың ішімен қызыл Оралдың қорғаныс шебі өтті, 1919 жылдағы шайқас іздері көпке дейін көрініп тұрды. Ол жылдардағы көрініс өте көңілсіз болатын – сиреген ағаштар, қураған бұталар, кесілген томарлар.

1923 жылы қаланың болжамды шекарасы белгіленді, оған Қазыналық бақ та кірді. Сол кезден бастап бақ қаланың ажырамас бөлігіне айналды. Бақ біртіндеп тіріліп, қалпына келе бастады, жасыл желек ішінен балалардың дауысы шыға бастады, пионерлер мұнда мерекелерде келді, жастар қыдырып, алаңқайларда самаурындар қайнай бастады.

1925 жылы металлистер кәсіп-одағы жаз бойына Қазыналық бақты өз қамқорлығына алды. Бұрынғы атаманның саяжайын жөндеуден өткізіп, жұмыскерлер үшін демалыс үйін ашты. Бірінші мамырда бүкілхалықтық шара өтті: саябақта иллюминация жарқырап, оркестр ойнады, Шағанның жағасында пионерлер алау жақты. Буфеттер жұмыс жасады, көркемөнерпаздар ансамбльдері өнер көрсетіп, ескекшілер жарысы өткізілді.

1927 жылы Қазыналық бақ теміржолшылар кәсіподағына қамқорлыққа берілді. Бұл бәрі спортқа құмартқан шақ еді. Бақта спорттық клуб ашылды. 1927 жылдың 10 ақпандағы аязды күнінде кәсіподақтар спортшылары Оралда алғаш рет Қазыналық бақтан Шаған көпіріне дейінгі қашықтыққа кросс өтті. Ал сол жылдың мамырында Қазыналық бақта жалпы қалалық стадионның ашылу салтанаты, Шаған өзенінде қайық жарысы өткізілді.

1928 жылдың көктемінде бақ аумағында әскерге шақырылушылары бар кавалериялық полктың шатырлы қалашығы құрылды. Ол жерде әскери жаттығулар, атыстар жүргізілді.

1929 жылы саябақтағы елеулі оқиға пионерлер слеті мен ойындар, әндер, қайықпен серуені бар Мектеп күні болды.

Алайда саябақтың халі жақсы емес еді: жаңа ағаштар отырғызылған жоқ, жарық шамдары да, гүлзарлар да, аттракциондар да, отырғыштар да жоқ болатын.

1932 жылдан бастап Кәсіп-одақтар бағын мәдениет және демалыс саябағына айналдыру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы «Приуральская правда» және «Екпінді құрылыс» газеттері жазды, қалалықтар болашақ мәдениет және демалыс саябағының қандай болғанын қалайтындары туралы ұсыныстарын айтуға мүмкіндік алды. Алайда саябақты абаттандыруға қаржы жеткіліксіз еді.

1934 жылы тамызда аспан мен авиацияға ғашық жастардың қуанышына 25 метрлік парашют мұнарасы салынды, Шаған мен Деркөл өзенімен 40 жолаушы сиятын өзен трамвайлары жүре бастады. Саябақта аттракциондар, оқу залы мен кітапхана, каруселдер, би алаңы, 500 орындық стадион, футбол алаңы, теннис корты, волейбол мен баскетбол алаңдары, душ пен буфеті бар спорт қалашығы пайда болды.

Соғысқа дейінгі жылдары Қазыналық бақта жеміс ағаштары әлі бар болатын, 1937 жылы отырғызылатын материалдардың тәлімбағы мен оранжереяның негізі қаланды. Көп ұзамай гүлдердің 50-ге жуық түрін өсірді.

1938 жылы саябақта балаларға арналған бұрыш әзірленіп, жазғы сахнада көркемөнерпаздар спектакльдер қоятын болған.

Қырқыншы жылдар тақағанда саябақта спорттық сайыстар көптеп өткізілді: шаңғы кросстары, жаяу жарыстар, матчтар, күрес, ворошилов атқыштарының жарыстары. Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатыр еді.

1941 жылы саябақ тек 15 маусымда ашылды. Балалар ертеңгілігі, футбол матчы және кешкі концерт ұйымдастырылды. 22 маусым демалыс күні болғандықтан тұрғындар әдеттегідей саябаққа қарай бет алды. Ашық алаңқайларда самаурындар қайнап, өзен жағасынан балалардың жарқын дауыстары жетіп жатты. Бірақ сол кездің өзінде зәулім де ескі ағаштардың үстінен тұнжыраған зұлмат төнгендей еді. «Соғыс» деген сөз ашық күні күркіреген күндей болды. Саябақ әп-сәтте бос қалды.

Сол кезден бастап саябақ соғыс шебіне жауынгерлер аттандыратын орынға айналды. Жаттығулар қыстың күндері де тоқтатылмады, ал соғыстың алғашқы қысы қатты болғандықтан, киім ауыстыратын жылы орны мен ыстық шәй ішетін буфеті бар саябақтың көмегі көп болды.

1942 жылдың көктемінде қалаға жаңа бәле тап болды – үлкен су тасқыны. Жайық пен Шағанға су көп келіп, оған қоса қатты жел де жиі тұрды. Тасқын саябақты және қаланың батыс бөлігін түгелімен басты. 92 үй қирап, 133 үй су астында қалды, алты жүзге жуық отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Тасқын ағаш архитектурасының керемет туындысы – Атаман саяжайын бұзып тастады.

1945 жылы майдангерлер қалаға орала бастады. Туыстар мен достарын кездестірген соң қызықты естеліктерге толы саябаққа аттанатын.

Тек 40-шы жылдардың соңына қарай, жас ағаштар отырғызылды, би алаңы мен су стансасы ашылды.

Саябақтың 50-ші жылдары – бұл «Авангард» стадионының қайнаған спорттық өмірі. Соғыстан соң халықтың спортқа деген қызығушылығы арта түсті. Стадионда спартакиадалар, түрлі сайыстар мен футбол жарыстары өткізілді.

1973 жылдың күзінде Оралда Пугачев көтерілісінің 200 жылдығын атап өту кезінде «халық еркіндігі үшін күрескен жандар құрметіне» аллеясы отырғызылды. Көп жылдан соң КСРО ыдырағаннан кейін саяси қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне де аллея отырғызылды.

1974 жылы саябақтың аумағы 100 гектарға дейін кеңейтілді, бірақ абаттандырылғаны тек
20 гектар ғана еді.

1988 жылы қаланың 375 жылдық мерейтойы аталып өтті. Нағыз түйелерге тиелген үлкен қуыршақтары мен аттракциондары бар «Шапито» цирк көрінісі саябақтан қалаға қарай бағыт алды. «Авангард» стадионында екі кеш қатарынан «Мерекелік оттар» атты гала-концерт өтті. Оралға атақты актерлар мен тележүргізушілер: Валентина Леонтьева, Василий Лановой, мәскеулік театрлардың халық әртістері келді.

Ал кешке пиротехниктер тосын сый әзірледі – фейерверк 375 санын аспанда жазып шықты.

Бір айдан соң Наурыз мерекесі кеңінен аталып өтілді. Көрермендерді қазақ халық ертегілері мен аңыздарының кейіпкерлері қошеметтеді. Ұлттық – қазақ, орыс, украин киімдерін киген бойжеткендер ән салды, би биледі. Эстрада сахнасында қалалық мектеп, училищелер мен ЖОО-ның көркемөнерпаздар ұжымдары өнер көрсетті.

Ал стадионда бұл уақытта ұлттық ойындар бойынша сайыстар өтті.

1989 жылы саябақта КСРО әуе флотының күні ұзақ уақыттан бері алғаш рет және Кеңес ыдырауы алдында соңғы рет аталып өтті.

Қайта құру кезеңінде саябақ пен көңіл көтеру саласы жайына қалды. Тек 90-шы жылдар соңында саябақ қалпына келтіріле бастады: қоршау тұрғызылып, жолдарға қырлы тас төселді, әдемі орындықтар мен шамдар орнатылып, көптеген аттракциондар ашылды. Ал өткен жылы Шаған өзені арқылы көпір салынып, саябақ аумағы кеңейді.

Біздің саябағымыз – оралдықтар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орны, Жайық өңірінің нағыз табиғи мәдени ескерткіші. Тарихи маңызы зор саябақ туралы өткен жылы Бөкей ордасы ауданының жас өлкетанушылары баяндама жасап, облыстық туристер олимпиадасының жеңімпаздары атанды. Батыс Қазақстан облысы өзге киелі орнының балалары басқа рухани географиялық белдеудің үзілмес байланысын анық байқаған.

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top