Бірегей кешен

7 декабря 2017
0
2379

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Қазақстанның киелі орындары» бағытына ерекше көңіл бөлінеді. «Әр халықта, әр өркениетте жалпыхалықтық сипатқа ие өз киелі орындары болады, оларды осы халықтың әр өкілі біледі» – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Ондай орындар Оралда да бар.

Өткен шаққа саяхат

Көптің ойынша, қала шебінде жекелеген ғимараттар, монументтер ғана тарихи және рухани құндылық көзі бола алады. Бұл үлкен әбестік! Мұндай құндылық көзі ретінде бүтіндей қала құрылысы кешендерін де қарастыруға болады. Орал – соның бір мысалы. Әңгіме қала орталығынан Е. Пугачев алаңына дейінгі ескі қала аумағы туралы. Бұл қала құрылысы кешені республикалық дәрежедегі ескерткіштер қатарына жатады.

Тек Қазақстанның ғана емес, ТМД-ның да қалаларында мұндай түрлі сәулет стильдерінде салынған ықшам ғимараттар бар аумақтар жиі кездеспейді. Оралда Н. Савичевтің атындағы саябақтың ашылу салтанатында Орынбордан келген делегация мүшелерінің бірі «Оралдың орталығынан Пугачев алаңына қарай беттегенде, құдды бір ХVIII-ХІХ ғасырлардағы Санкт-Петербург қаласында жүргендей боласың» дегенді. Қаламыздың осы бөлігін Нева үстіндегі шаһармен салыстыру сонау Кеңес кездерінен бері қала қонақтарынан естіп жүрген сөздер. Бұл кездейсоқтық емес.

Кешен ХVIII-ХХ ғасырларда салынған. Достық-Дружба даңғылы (бұрынғы Большая Михайловская, Советская көшелері, Ленин даңғылы) – Оралдың басты магистралі.

ХVIII ғасырда Жайық өзенінен қазіргі Пугачев алаңына дейінгі бір шақырымдай жерге қала салына бастады. ХVIII ғасырда қала шебі екі рет өзгертілді: қазіргі Некрасов көшесіне дейін, сосын Савичев көшесіне дейін.

ХХ ғасыр басында қалалық дуал қазіргі Абай алаңына дейін ысырылды. Ағаш құрылыстардан тұратын негізгі қала бөлігі түгел жанып кеткен 1821 жылғы өрт оқиғасынан кейін қалада алғаш рет сәулетші лауазымы бекітілді. Ол орынға Петербургтен итальяндық сәулетші М. Дельдемино шақырылды. Дәл соның жобасы бойынша ХІХ ғасырда даңғылдың Пугачев алаңынан Абай алаңына дейінгі негізгі бөлігінің құрылысы жүргізілді. Одан кейінгі жылдары ежелгі Орал қаласының сәулетшісі қызметін А. Гопиус, А. Бунькин, И. Тец, В. Курицын, В. Чагин, Б. Родзевич, тағысын тағылар атқарды.

Қаланың бұл ауданында даңғылдың бір шақырымдай бөлігі екі қабатты кірпіштен тұрғызылған бір-бірімен сол кезге тән қақпа аркалары арқылы қосылған үйлер тұрады. Қазірдің өзінде бірқатар кварталдар ансамблі сақталған.

Кеңес дәуірінде бірнеше жаңа ғимараттар пайда болды: А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институт (Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті), 151 және 180 нөмірлі тұрғын үйлер. Соңғы жылдары қаланың бұл бөлігінде Қазақ драма театры, бірқатар сауда орталықтары, облыстық типография мен бірқатар қоғамдық ғимараттар тұрғызылды.

Дәуірлер мен стильдер синтезі

Қаланың осы бөлігінің түгелдей алғанда тарихи-мәдени маңызы бар, ол өзіндік сәулеттік сипатын сақтап қалған. Көптеген ғимараттар сәулет және тарих ескерткіштері болып табылады. Олардың қатарында:

1. 1836 жылы ашылған алғашқы әйелдер гимназиясының ғимараты, қазір Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жаратылыстану-географиялық факультеті.

2. Достық-Дружба даңғылындағы 129-135 нөмірлі ғимараттар, олар ХVIII ғасырдан бері аз ғана өзгеріске ұшыраған.

3. № 178 ғимарат – ХІХ ғасырда салынған мезонині бар жекежай.

4. № 127 үй – ХІХ ғасырлар ортасында ол жерде Оралдағы алғашқы көпшілік кітапхана мен музей ашылды.

5. № 164 ғимарат готикалық стильде салынған. 1839 жылы бұл жерде Қазақстанның алғашқы (Франц Миллердің) дәріханасы ашылған.

6. Бұрынғы Әскери шаруашылық басқарманың ғимараты (ХІХ ғасырдың 30-жылдары). 1883 жылы сәулетші Дельдеминоның жобасымен салынған. Соңынан бұл ғимаратта әскери мұрағат орналасқан. Қазір бұл жерде Хамза Есенжанов атындағы балалар кітапханасы орналасқан.

7. Қазақстандағы алғашқы ерлер гимназиясы, соңынан – реальное училище болған. Бұл жерде Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж орналасқан.

8. Қазақстандағы бірінші орыс-қазақ мектебінің ғимараты (ХІХ ғасырдың соңғы ширегі) – қазір Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі. БҚМУ-ға қарсы Ванюшин көпестерінің үйі секілді ол да – араб-мавритан стилінің жарқын мысалы.

9. ХХ ғасырдың басында ашылған алғашқы Қазақстан «Иллюзион» (қазір үстел теннисі орталығы) және «Современник» (Ю. Гагарин атындағы кинотеатр) кинотеатрлары.

10. Карев үйі. 1900 жылы бірінші гильдия көпесі Александр Карев тұрғызған. Ғимаратқа екі мемориалдық тақта орнатылған: 1919 жылы мұнда ақтардың қоршауында қалған қаланы қорғау үшін еріктілер тізімі жасалды; 1923 жылы мұнда Сәкен Сейфуллин тоқтап, жұмыс жасаған.

11. № 161 ғимарат, ол жерде Қазан көтерілісіне дейін «Ресей» мейрамханасы орналасқан.

12. № 147 үй. Салынған жылы – 1878 жыл. Ол мал сатумен айналысқан П. Овчинниковқа тиесілі болған. Азаматтық соғыс жылдарында бұл жерде облыстық ЧК орналасқан. Қазір – Орал гарнизонының әскери прокуратурасы.

13. Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі ғимараты (Қазан көтерілісіне дейін – Орыс сауда-өнеркәсіп банкі). 1904 жылы салынған. Бірінші (цоколь) қабатында жертөле, екінші қабатында – дүкендер, үшіншісінде – банк пен биржа орналасқан. Басты кіреберістен солға қарай – нотариалдық кеңсе, оңға қарай – дүкен. Алға қарай бағаналар арасындағы кішкене жоғарылау жерде арыстандар мүсіні орналастырылған. Ғимарат «Ренессанс» стилінде тас пен темірден тұрғызылған. Банк ғимаратының жобасын 1896 жылы сәулетші А. Бунькин жасаған. Барлық темірден соғылған бөлшектерін темірді салқындай соғу шебері П. Лаптишкин жасаған, ал құрылысты Мәскеуден арнайы шақырылған темір жол құрылысшысы Н.Д. Раевский басқарған.

Ғимараттың айналасында жұқа нәзік түрде жасалған сәндік қоршау болған. Фасадтың әдемі де бай жапсырылған түрлі-түсті пластикасы қауырсын қаламмен салынғандай әсер қалдыратын балкон торларымен келісіп-ақ тұр. Ғимараттың ең қызық бөлшегі – мүсіндермен және бағаналармен әсемделген алға қарай шығыңқы бет босағасы. Коммерциялық банкті тұрғындар Ақ банк деп атап кетті. Оның ғимаратында Компанейцтің дәріханалық дүкені, Р. Функ саудагердің дүкені, Грязновтың шаштаразы, коммерциялық шайханасы, мейрамхана, биржалық зал, банк басқарушысының пәтері болған.

Қазан көтерілісінен кейін Коммерциялық банк ғимаратында қалалық және облыстық еңбекшілер, сарбаздар мен казактар Кеңесінің депутаттары отырды.

1919 жылы РКП (б) губкомы мен комсомол губкомы орналасты. Көп жылдар бойы Орал облыстық еңбекшілер Кеңесі депутаттары осында жұмыс жасады. Ал бүгінде бұл ғимаратта Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі орналасқан.

14. Республикалық маңызды ескерткіштер қатарына Оралдағы алғашқы тас ғимараттардың бірі – Михаил Архангел соборын да жатқызуға болады. 1740-1751 жылдары ХІІ-ХІV ғасырлардағы псков-новгородтық стилінде тұрғызылған. Ол стильге сәулеттік формалардың қатаңдығы мен күмбездердің пияз тектес болуы сәйкес келеді. Жанында 1774 жылы Пугачев жарып жіберген шіркеу мұнарасы болды.

1992 жылдың 2 шілдесіндегі Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен пайдалану туралы» Заңына (02.07.2004 жылғы толықтыруларымен) және Қазақстан Республикасы үкіметінің 2007 жылдың 2 қарашасындағы № 1032 «Тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, оларға мәртебе беру және одан айыру ережесін бекіту туралы Ережелеріне» сәйкес республикалық маңыздағы нысандардың (соның ішінде ескі Оралдың қала құрылысы кешенінің) жөндеуі мен қалпына келтіру жұмыстары немесе кез келген өзгерістері Қазақстан Республикасы үкіметінің рұқсатымен жасалуы керек.

Нысанның өзі ғана емес, әр ескерткіш үшін уәкілетті орган бекіткен қорғалу аймағы да мемлекетпен қорғалып тұр.
Оралдың ескі бөлігінің қала құрылысы кешені ғимараттар саны, сәулет стильдерінің түрлілігі мен құрылыс әдістері, олардың ықшамдығы бойынша Қазақстан үшін бірегей болып табылады. Бұл – «қала ішіндегі қала», нағыз аспан астындағы музей! Оны қорғап, сақтай білу керек!

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top