Білікті заңгер 80 жаста

4 октября 2018
0
1705

Ақжайықтың ардақтысы, білікті заңгер Ордағали Ықсанов туралы бір үзік сыр.

Ордағали Қажығалиұлы Ықсанов тек Ақжайық өңіріне емес, республикаға, алыс, жақын шетелдерге танымал ғалым-заңгер. Ол 1938 жылы қаңтар айында Жетікөл ауылында (Жымпиты ауданы) дүниеге келген. Руы Дат, Даттың Адамбайы. Әкесі Қажығали өз шаруасына мығым, көп сөйлемейтін қарапайым кісі болған. Анасы Қазима үй шаруасындағы әйел инабатты, ибалы, артық ауыз сөзі жоқ, жалғыз сиырын сауып, жалғыз ұлы Ордағалиды тәрбиелеп өсірген ана.

Бірақ сонау 37-38 жылдардың зобалаңы Ықсановтар әулетін айналып кеткен жоқ. Сырым батырдың ұрпағы, байдың баласы деп Жымпитыдан Орда ауданына жер аударып жіберді.

Онда да НКВД адамдары қудалап, орыс жеріне Приуралье ауданының «Рассвет» колхозына көшіреді. Ордағалидың әкесі Әжіғали, Қажығали, Адам атты үш ағайынды кісілер еді. Қажығали Ұлы Отан соғысы басталысымен өзі сұранып ел қорғауға аттанады. Содан хабар-ошарсыз кетеді. Осы күнге дейін табылмай отыр. Анасы Қазима аурушаң болып күнкөрістері нашарлағасын менің әкем Жүркей (Жүсіп) Пұсырманов қолына көшіріп алады. Әкем Жүркей Ұлы Отан соғысының ардагері, II-дәрежелі «Отан» орденімен, «Даңқ» орденімен (III-дәрежелі) марапатталған, Теректі ауданының «Ленин жолы» колхозының ауылдық Советінің төрағасы еді.

Ордағали Қажығалиұлы «Ленин жолы» мектебінде оқиды. Мектеп директоры Шәкәрім Жамалов қазіргі ҚР мәжілісінің депутаты Жамаловтың әкесі. Соғысқа қатысқан өте қатал кісі еді. Мен сол мектептің 1 сыныбында оқитынмын. Көп ұзамай Ордағали ағаның анасы қайтыс болды да апасы мен анам Нәзипа Ықсанғалиқызы әкеме Оралдағы жалғыз қазақ орта мектебіне түсір, адам болып кетеді деп түсіндіреді. Сол Орал пансионында менің апам Нұрзиба Жүсіпқызы да оқып жатқан. Көп ұзамай әкем Ордағалиды Оралдағы қазақ пансионына қабылдандырады. Пансион директоры әкеме жақын ағайын болып келетін, ҰОС-ң ардагері, ҚазССР-не еңбегі сіңген мұғалім Жәлел Самарханов болатын.

Мектепте озат оқумен бірге қоғамдық жұмысқа белсене араласады. Шахмат үйірмесіне қатысып, облыс чемпионы атанады. Орал қаласында мектептің табалдырығын алғаш аттап, кейін Алаштың талай саңлақтарын тәрбиелеген, заманында Жәңгір хан ашқан Орда орта мектебін алтын медальмен бітіреді. Содан Ордағали Қажығалиұлы мектепті аяқтаған соң Алматыға жол тартады. Мұнда келісімен ол С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне құжаттарын тапсырады.

Ордағали Қажығалиұлы ағамыз туралы ағамызбен көп жыл Конституциялық сотта бірге істеген, заң ғылымының докторы, профессор Қуаныш Балтабаев былай дейді: «Жастайынан зерек Ордекең университетті Сталиндік, кейін Лениндік стипендияға оқыды. Жақсы оқығанымен қатар студент кезінде Ордекең ғылыми студенттік қоғамның төрағасы болды. Ордекеңнің авторлық құқық бойынша жазған дипломдық жұмысы Бүкілодақтық студенттік ғылыми конкурста ең үздік еңбек ретінде Кеңес одағы Білім министрлігінің медалін жеңіп алады. Сонымен қатар 1966 жылы аталған еңбекті Москвадағы «Юридическая литература» баспасы монография түрінде басып шығарады. Ол заманда аталған баспадан өз еңбегіңді шығару профессорлар үшін де үлкен жетістік болатын. Ордекеңмен қатар университетте бертін келе республикамыздың заң саласына еңбек сіңірген талай азаматтар оқыды. Олармен әлі күнге дейін хабарласып тұрады. Өмірден озып кеткендерін ағамыз ыстық ықыласпен еске алып отырады. Олардың сыйластықтары, өзара зілсіз қалжыңдары кімге де үлгі боларлық. Әрі құрдасы, әрі ұзақ жылдар бойы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде, кейін Конституциялық Кеңесте жұмыстас болған замандасы, марқұм В.В. Мамонов ағайға «Ореке» десе, ағай оған «Володя» деп бір-бірімен қалжыңдасып отыратын».

Оқуды бітірісімен Ордағали Қажығалиұлы заңгерлік практиканы маңызды қызметтен судьялықтан бастады. Бұл жас маман үшін үлкен жауапкершілік еді. Сол жауапты қызметті абыроймен атқара жүріп, Ордекең өзінің ең сүйікті ісі ғылымды да тастамады. Ордекең оқуды бітірісімен өзі оқыған Қазақ Мемлекеттік университеті заң факультетінің азаматтық құқық кафедрасының аспирантурасына түскен болатын. Әрине, түйіткілі көп судьялық жұмыс пен аспирантураны қатар алып жүру оңай шаруа емес екені белгілі. Сондықтан Ордекең аспирантураның соңғы жылын кафедраның ұсынысымен күндізгі бөлімін тәмамдап, заң ғылымының кандидаты А. Беспалованың жетекшілігімен отбасы құқығы бойынша кандидаттық диссертация қорғап шықты. Ордағали Қажығалиұлы кандидаттық диссертациясын қорғаған соң КСРО Ішкі істер министрлігі арнайы мектебінің заң пәндері циклының бастығы (қазіргі тілмен айтсақ кафедра меңгерушісі) қызметіне шақырылды. Екі жыл арнайы милиция мектебінде жұмыс істегеннен кейін, Ордекең кезінде өзі оқыған «қара шаңырақ» Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне аға оқытушылыққа келіп, сол жерде доцент, сырттай кешкі факультеттің деканы қызметтерін атқарды. Табаны күректей ширек ғасыр бойы Ордағали Қажығалиұлы талай жастарға тәлім беріп, үлкен жолға салып отырды. Ордекеңнің ақылымен көптеген жастар өмірден өз орындарын тапты. 1998 жылы қазақ елінің астанасы Ақмолаға көшкенде, көшпен бірге Астанаға Ордағали Ықсанов та келген еді. Ордағали аға 2 рет Қазақстан Республикасы Жоғары сотының төрағасы болып сайланды. Кейін Конституциялық соттың мүшесі болды.

Ордағали аға жайында онымен жұмыстас болған ҚР Жоғары сотының судьясы, заң ғылымының кандидаты, доцент Жолымбет Бәйішев былай дейді: «Ордекеңнің университеттегі қызмет жылдары заң ғылымы мен білімі үшін өте жемісті жылдары еді. Ордағали Қажығалиұлы университет қабырғасында ғылыми-шығармашылық жұмыспен белсенді түрде айналысты. Көрнекті ғалым Ю.Г. Басинның басшылығымен азаматтық құқық кафедрасы оқу құралдарын, заңнама түсіндірмелерін, ғылыми еңбектердің жинақтарын шығаратын. Сол ғылыми еңбектердің бәрін шығаруға Ордағали Қажығалиұлы қатысты. Сонымен қатар А. Беспаловамен бірге «Отбасылық құқық» оқу құралдарының жауапты хатшысы болды. 70-80 жылдары жарық көрген Қазақ энциклопедиясының барлық 12 томына мақала-терминдер жазды. Ордағали Қажығалиұлы 1986 жылы Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Терминология комиссиясы бекіткен «Заң терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігін» қалыптастырған авторлардың бірі. Сонымен қатар, 1996 жылы академик Ғайрат Сапарғалиұлының басшылығымен жарық көрген «Основы права Республики Казахстан» оқулығының азаматтық-отбасы құқықтары тарауларының авторы болды.

Ордекеңнің қаламынан шыққан ғылыми мақалаларда қойылған мәселелер өзінің өзектілігін әлі де жоғалтқан жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын жаңа қырынан танылып келеді.
Ордағали Қажығалиұлы өзінің ұзақ жылдар бойы жинаған ғылыми-шығармашылық, кәсіби-практикалық бай тәжірибесін жаңа тәуелсіздік алған Қазақстанның ұлттық заңнамасының қалыптасып тұрақтануына жігерлене жұмсады. Еліміздің экономикалық Конституциясы атанған, алғаш нарықтық қатынастардың қалыптасып, өркениетті реттелуіне жол салған Азаматтық кодекстің Жалпы бөлімінің қабылдануына, өзге де азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеуші заңдардың қабылдануына өз үлесін қосты.

Ордағали Қажығалиұлы Қазақстанда конституциялық заңдылықтың қалыптасуына да зор еңбек сіңірді. Заңгерлер үшін кәсіби-лауазымдық тұрғыдан алғанда ең жоғары шың болып табылатын екі бірдей конституциялық бақылау органының мүшесі болды. Ордағали Қажығалиұлын 1992 жылы Жоғарғы кеңестің XII шақырылымы елімізде алғаш құрылған конституциялық бақылау органы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы етіп сайлады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында конституциялық заңдылықтың аяқтануы қаншалық маңызды болса, оны тұғырлаушы орган Конституциялық Сотта қызмет ету соншалық салмақты болатын. Қайда жүрсе де тек қана заңдылықты басшылыққа алып үйренген Ордағали Қажығалиұлы өз ісін абыроймен атқарды.

Ордағали Қажығалиұлы 30 жылға жуық уақыт аралығында Жоғарғы соттың жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі ретінде сот практикасында заңнаманы қолдану туралы нормативтік қаулыны қабылдауға белсене араласты.

Ағамыздың өзі туралы айтқанда жан жары, апамыз – марқұм Әнел Мұқаметжанқызын еске ала кеткен жөн болар. Мемлекет қайраткері, кезінде Қазақстанның алғашқы Халық ағарту комиссарының бірі болған (яғни министрі) Мұқаметжан Әбдіқалықовтың қызы, химия ғылымдарының кандидаты, доцент Әнел апамыз бірнеше жыл Қазақ мемлекеттік университетінде ұстаздық етті. Өмірінің соңғы күндеріне дейін ағамызға сүйеніш болды.

Әке көрген оқ жонар демекші, Ордекеңнің ұлы Ерлан әке жолын қуып, заңгерлік саласында жемісті қызмет атқарып жүр.

Ордекеңнің ел алдындағы еңбегі еленіп, Мемлекет басшысының Жарлығымен Ордағали Қажығалиұлына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағы берілді.

Социал Пұсырман,
ардагер ұстаз

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top