«Батыс-Продукт» ЖШС: тұрақты даму

21 сентября 2017
0
2418

Орал өңірі мен Ресейдің шекаралас облыстарына танымал нан, кондитерлік және нан өнімдерін шығаратын кәсіпорын болып табылатын «Батыс-Продукт» ЖШС-нің экономикалық дағдарыс жағдайында өндірісті дамыту тәжірибесі бар. Бірнеше жыл бұрын «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 380 млн. теңгелік 6% жылдық мөлшерлемемен екі банкілік несие алынды. Осының арқасында технологиялық жабдықтар, автокөлік және тағы басқа керек-жарақ алынды. Мамандығы құрылысшы фирманың жетекшісі Алексей Попковтың жаңа экономикалық жағдайда бизнесті қайта құру бойынша нақты шешімдер қабылдауына тура келді.

Қиындықтарға қарамастан

«Уральскпромстрой» трестінде, одан соң құрылыс бойынша «Коммунзапчасть» зауытында директордың орынбасары болып көп жыл жұмыс жасай жүріп, Алексей Борисович бағалы тәжірибе жинап, тіптен тығырыққа тірелген кездерде тапқыр шешім қабылдауды үйренді. Сондықтан да нарықтық экономикаға көшу барысын ол іскерлік тұрғыдан қабылдап, қызмет түрін шұғыл түрде өзгертті, құрылыс саласында бірге жұмыс істеген бірнеше әріптестерімен бірлесіп, макарон өнімдерін шығаратын шаруа қожалығын құрды.

Ол кезеңде аймағымызда макарон өнімдері жақсы сұранысқа ие болғанды. Өндірісті кеңейту үшін А. Попков пен оның әріптестері Ружейников көшесі 12/1 мекенжайында орналасқан ғимаратты сатып алды, айына 200 және одан да көп макарон шығаруға мүмкіндік беретін өнімділігі жоғары жабдықтар алды. Одан өзге нан өнімдерін шығаруды да қолға алды. Бұл қадамның дұрыстығын шешімді қабылдағаннан кейінгі оқиғалар растады.


«Жаңа жаһандық нақты ахуалдың мәні тек әртараптандырылған экономиканың ғана жаһандық дағдарыс салдарына тиімді қарсы тұра алатынында болып табылады. Сондықтан да біз индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру үстіндеміз. Бізге жаңа инвестициялық саясат керек».

2015 жылдың 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаҺандық
нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму»
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан


Себебі бірнеше жылдан кейін макарон өнімдерін шығаруды Желаев нан өнімдері комбинаты да жолға қойды, алайда олардың шығару көлемі анағұрлым көп еді. Соның әсерінен А. Попков басқарған кәсіпорын өз клиенттерін жоғалтып алды.

Міне, сол кезде Ақтөбе көшесіндегі наубайхана көмекке келді. Ол жерде нан өнімдері қатарына печенье, пірәндік және тағы басқа өнімдер қосылды. Осылайша, жас кәсіпорын нарықтың алғашқы соққысын жеңе білді.

2000 жылдардың басында әлемдік қаржылық және экономикалық күйзелістер Қазақстан, Ресей және тағы басқа елдердің кәсіпкерлік саласына кесірін тигізгенін айта кету керек. Әсіресе, аймақта аса ірі өндіруші пайда болса, шағын кәсіпорындардың жағдайы тіптен қиындай түсетін. Біздің аймақта да осындай жағдай орын алды: Жайық өңірінің макарон шығаратын он шақты фирмасы Желаев нан өнімдері комбинатымен бәсекелесе алмады – біреулері басқа тауарлар шығаруға бағытталса, енді біреулері жабылып қалды.

Жаңа технологиялар бойынша

Өнім ассортиментін кеңіту мақсатында «Батыс-Продукт» ЖШС өндірістік аумақтың жетіспеушілігінен қысылғандықтан, жер учаскесін сатып алуға тура келді. Логистика талаптарына сай Желаев трассасы жанындағы ертеректе «КамАЗ» автокөліктеріне қызмет көрсететін орталық орналасқан учаскеге таңдау түсті. Бұл жерде жоғары технологиялық өндірістік желілері орнатылған әкімшілік-өндірістік ғимарат салынды.

«Батыс-Продукт» ЖШС нарықтық және дағдарыстық қиындықтарға ұжымның бірлігі мен ұйымшылдығын қарсы қойып, бастысы, өнім сапасына жоғары талап қойды. Жоғары білікті мамандар еңбегін технологиялық үдерістерді жоғары өнімді заманауи ресейлік, неміс, финдік және словениялық жабдықтар көмегімен жетілдіру арқылы үнемі қуаттандырып отырады.

Осының арқасында өнімділік көлемін арттырып қана қоймай, кәсіпорындағы қол жұмысын да түгелдей дерлік жоюға мүмкіндік алды. Тиімді маркетинг қызметі ұйымдастырылды, мамандар тамақ қоспалары технологиясындағы соңғы жаңалықтар мен зерттеулерді бақылап отырады. Бүгінгі таңда кәсіпорын 50-ден астам өнім түрлерін шығарады.

Қазіргі кезде Қазақстанда бәсекелестіктің меншік иесі мен кәсіпорын көлеміне, мемлекеттік тапсырыс пен шенеуніктің оң қабағына байланысты емес, ең алдымен өнім сапасы мен оның бағасымен сәйкестігіне байланысты екенін бәрі де түсіне бастады. Яғни, өнімнің тұтынушы тараптың сұранысы мен талаптарына қаншалықты сай келетіндігіне байланысты. Бұл ретте тұтынушының рөлі екпінді түрде өседі, себебі ол күн сайын өзіне ұнайтын тауарлар үшін өз теңгесімен дауыс беріп отырады.

«Батыс-Продукт» ЖШС-де нарық талаптарының өзгерісін сезініп, тұтынушыға ұнайтын өнім шығару үшін өндіруші мен тұтынушының өзара белсенді әрекеті қажет екенін түсінеді.

Сапа жолындағы күрес бұйымның тіршілік кезеңінің маркетингтен бастап утилизацияға дейінгі барлық сатыларындағы қатаң бәсекелестік жағдайындағы жарыс. Бүгінде бұйымдардың үлкен партиялы жаппай өндірісінің орнына өндірістің жаңа берекелі және гуманистік түрі енгізілуде, ол бір типті емес бұйымдар шығару мақсатын көздейді. Ал нақтырақ айтсақ, жаңа өндіріс тұтынушы сұраған уақытта дайындалатын қажетті көлемдегі бұйымдар шығаруға бағытталған.

Сондықтан да «Батыс-Продукт» ЖШС-де клиенттерінің сұраныстарын зерттегенді жөн көреді. Бұл жерде тек өнімнің емес, барлық өндірістік процестердің қоршаған ортаға залал келтірмейтіндей экологиялық таза болуы үшін ерекше көңіл бөледі.


Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор.
Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс.
Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз.

2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші
модернизациясы: жаһандық бәсекелестік»
Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауынан


Делдалсыз сауда жасау

Және де жаңа өнімді өткізу нарықтарын игеруге ерекше көңіл бөледі. Ол үшін сәйкесінше жұмыстар жүргізіледі, онымен қоса Ресейдің көршілес облыстарында да. Кәсіпорын басшысы бұл тұрғыдан алғанда қазақстандық өндірушілердің мүдделеріне қарай қазақстандық тауарларды нарыққа шығару мен таныстыру мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграциялық процестерді тиімді пайдалану туралы өзге де жергілікті кәсіпкерлердің пікірлерін жеткізді.

Мысалы, Ресейдің шекаралас облыстары аумағында жергілікті билікпен келісе отырып, қазақстандық сауда үйлерін ашу қажеттігі туындап отыр. Ол сауда үйлері арқылы ресейлік фирмалар қазақстандық өнімге делдалсыз тапсырыс беріп, қол жеткізе алар еді.

Бізбен әңгіме барысында Алексей Попков ҚР Үкіметі мен сәйкесінше мүдделі мемлекеттік және бизнес-құрылымдар осы мәселені шешуге көңіл бөледі деген үмітін жеткізді.

Экономикалық дағдарыстың салдары ретіндегі банк несиелері сияқты қиыншылықтарды мемлекеттің қолдауы арқасында жеңіп келе жатқан «Батыс-Продукт» ЖШС болашаққа сеніммен қарайды. Бұл мекемеде әрекетсіз істің алға баспайтынын бәрі де біледі. Тек табанды еңбек пен прогрессивті өндірістік шешімдер ізденісі ғана бизнестің табысқа жетуін қамтамасыз етеді.

Суретті түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top