Қазақ тілін білу – заман талабы

12 мая 2016
0
3720

Адамзат баласы үшін тілдің маңызы ерекше. Бұл тек қатынас құралы, ұғынысу мүмкіндігі ғана емес, әр адамның өмір сүруі үшін ауадай қажет байлығы. Мемлекеттік тілді жетік білетін әр азаматтың қоғамдық өмірге оңай араласа алатындығын өмірлік тәжірибе дәлелдеп отыр. Тек қана орыс тілі арқылы қоғамдық өмірдің тынысын толыққанды сезіну мүмкін емес. Қазақтың тілін меңгерген адамның артықшылығы – қоғамда болып жатқан өзгерістерді екі тілде түсініп, талдай алатындығы. Сондықтан, мемлекеттік тілді білу – бүгінгі уақыттың алдымызға қойып отырған талабы. Осы талапты заң шеңберінде жүргізіп отырған облыстық тілдерді дамыту басқармасы облысымыздың ересек тұрғындарына мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қазақ және ағылшын тілдерін меңгертіп, мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделін арттыру, тарихи атауларды ретке келтіру, облыс аумағындағы топонимикалық атауларды лексико-грамматикалық нормаларға сәйкестендіру бағытындағы жұмыстарды кезең-кезеңмен жүзеге асырып келеді.

Біз ең алдымен мемлекеттік тілді мемлекетті басқару тілі мәртебесіне жеткізіп, іс жүргізуді толықтай мемлекеттік тілде жүзеге асыруымыз қажет. Біздің облысымызда іс жүргізу 2006 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік тілге көшірілген болатын, осыған орай бүгінгі таңда мемлекеттік мекемелердің құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 2015 жылдың қорытындысы бойынша 99,8 пайызды құрап, облыс бойынша мемлекеттік тілді білетін тұрғындардың үлесі бүгінгі таңда 75%-ға жетті.

Жалпы мемлекеттік тілдің өз мәртебесінде қолданыс табатын негізгі тетігі – бұл қоғамдық салалардағы тілдік қолданыс, ал қоғамдық орындардағы тілдік қолданысты қадағалау басқарманың міндеті, осы талап үдесінен шығу мақсатында 2010 жылы басқарманың әлеуметтік тапсырысы бойынша қоғамдық тіл инспекциясы жобасы енгізіліп, жоба аясында 2015 жылдың өзінде 600-ге жуық бизнес субъектілеріне басқарма тарапынан әдістемелік көмек көрсетілді. Облысымыздағы бес мыңнан астам жеке шаруашылық субъектісінің екі мыңнан астамына қоғамдық тіл инспекциясының ықпалымен көрнекі ақпарат, жарнама мәселесін реттеу және іс қағаздарын жүргізу бойынша көмек беріліп, құжаттама үлгілері қағаз және электронды үлгіде тегін таратылды.

Мемлекеттік тіл саясатының бастау бұлағы – ономастика, ал ономастика тарихтан сыр шертетін ғажайып әлем, яғни жер, су, ел, көше атауларын зерттейтін сала. Басқарма – облыстың ономастикалық картасын жасақтап, сондықтан, облыстағы ономастикалық ахуалды жақсарту және көрнекі ақпаратты бақылау мақсатында облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің тілшілерімен бірге қаламыздың қоғамдық көпшілік орындарындағы көрнекі ақпараттың жай-күйіне тұрақты түрде мониторинг жүргізуді дәстүрге айналдырды. Нақтырақ айтқанда, әуежай, автобекет, темір жол вокзалы, ірі сауда орындары мен бірқатар банктер, бір сөзбен айтқанда халыққа қызмет көрсету нысандары бақылау рейдімен қамтылып, оның нәтижесі облыстық газеттегі «Жарнама нарыққа емес, халыққа қызмет етуі тиіс», «Әрекет қылмай, ауызша айта салу – тілге жанашырлық емес» және «Всю наглядную информацию – на двух языках» тақырыптарындағы сараптамалық мақалалармен қорытындыланды. Қоғамдық бірлестіктермен бірге көрнекі ақпаратты біріздендіруді көздейтін «Тіл тазалығы», «Қатесіз жарнама», «Көрнекі ақпарат – насихат құралы» айлықтары да жарияланып отырады, айлық шеңберіндегі бақылау рейдімен облыс орталығындағы ірі сауда нүктелері мен халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орындарына тіл заңдылығы талаптарының сақталуы жөнінде кеңес беріліп отырады.

Ономастика саласының темірқазығы – антропонимика, аталмыш ғылым саласы адамның аты-жөні мен тегі мәселесін зерттейтіндіктен, өскелең ұрпақтың есімдері мен тектерінің құжатта дұрыс жазылуын реттеу сала мамандарының негізгі міндеті. Сондықтан, «Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін реттеу туралы» Президент Жарлығын насихаттау мақсатында Орал қаласының барлық мектептерінде және кәсіптік білім беру мекемелерінде төлқұжат алатын жастағы балалармен қазақы дәстүрге сай құжат алу жайын насихаттайтын «Есім – елдік өнеге», «Қазақы дәстүрге сай құжат алдың ба?», «Есім – елдігіміздің белгісі» тақырыбындағы акциялар жылма-жыл жалғасын тауып келеді. Бұл игілікті іс биылғы жылы да облысымыздың Шыңғырлау, Теректі, Ақжайық, Сырым, Зеленов, Тасқала, Бөрлі, Қаратөбе, Казталов, Жаңақала аудандарында ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесіне орай «25 жылдыққа – 25 танымдық шара» айдарымен «Мәңгілік ел идеясы – ұлт құндылығы» тақырыбындағы акция ретінде өз жалғасын тапты. Акция нәтижесінде төлқұжат алатын жастағы балалардың ұлттық дәстүрге сай ресімделген құжат алу мәселесінің біртіндеп реттелу үрдісі байқалады.

Мәңгілік елдің темірқазығы мемлекеттік тіл мен технология тілі ағылшын тілін үйренемін деген облыс тұрғындарына тілдерді меңгерту мәселесі басқарма тарапынан облысымызда тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарына мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгерту курстарын ұйымдастыру арқылы өз шешімін табуда. Жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан мемлекеттік тілді оқыту курсына биылғы жылы 805 азамат қамтылды, оның 150 тыңдаушысы мемлекеттік қызметкерлер, ал ағылшын тілін меңгергендер саны 650. Қазақстан Республикасында «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» мақсатты индикаторында мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі «ҚАЗТЕСТ» сынағын тапсырудың нәтижесі бойынша бағаланады. Аталған индикатордың сандық көрсеткіші азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын «ҚАЗТЕСТ» сынағы арқылы анықталады. 2013-2014 жылдары «Қазтест» сынағына мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала, халыққа қызмет көрсететін мекеме қызметкерлері және ұлттық компания өкілдерінен 3 502 адам қатысқан болса, 2015 жылы маусым айында өткізілген «Қазтест» емтиханына 895 адам қатысып, оның 313-і сертификаттық тестілеуден, ал 582-сі деңгейлік сынақтан өтті, 23-29 қараша аралығында өткен емтиханға 2374 адам қатысып, оның 1706-сы деңгейді анықтау бойынша, ал 668-і сертификатқа тапсырды.

Мемлекеттік тіл ұлтты ұйыстырушы фактор болғандықтан, ұлт пен ұлысты мемлекеттік тілдің төңірегіне топтастыруға бағытталған дәстүрлі тілдер мерекесі жыл сайын облыстық тіл фестивалімен айшықталып отырады. Биыл да мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдану мақсатындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс есебінен 18 жоба жоспарланып отыр. Атап айтқанда, көркем сөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы байқауы; «Үздік аудармашы» байқауы; «Тіл – парасат» орыс жастары арасындағы қазақ тілі білгірлері байқауы; қазақтан басқа өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тіл біліктілігі байқауы; «Тіл шебері – 2015» олимпиадасы; ғылыми-практикалық конференция; «Тіл – тұтастық туы» айдарымен жалпы халықтық тіл фестивалі; өзге ұлыс өкілдері арасында «Абай оқулары» байқаулары және т.б.

Татулық пен бірліктің, ынтымақтың ордасы атанған Қазақстанның бір бөлшегі – Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес губерниясымен шектеседі. Біздің облысымызда тұратын өзге ұлт өкілдері де тілдің төңірегіне біріккенінің негізгі көрінісі – облысымыздағы ұлттық-мәдени орталықтар өкілдерімен «Тіл – татулық тірегі» атты тілдер мерекесінің өткізілуі. Дәстүрлі шараға орыс, кәріс, украин, армян, әзірбайжан, шешен – ингуш, еврей, беларус ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері қатысады.

Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленетін 5-6 жастағы бүлдіршіндер арасында «Кел, балалар, оқылық» атты байқау ұйымдастырылды, сөйтіп мектепке дейінгі балалардың тілін дамыту, қазақ тіліне, қазақ ертегілеріне, әндеріне қызығушылықтарын арттыру мәселелері біртіндеп жолға қойылып келеді.

Қоғамдағы мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту міндеті аясында мемлекеттік тілді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау мақсатында «ТДК-42» телеарнасынан «Язык – духовный стержень народа» айдарымен орыс тілінде 50 хабар, «Тіл – парасат көрсеткіші», «Тіл – абзалдық әліппесі» айдарларымен қазақ тілінде 24 телехабар жұртшылық назарына ұсынылды. Мемлекеттік тілді орыс тілінде насихаттау басқарманың тапсырысы бойынша жергілікті басылым беттеріндегі тіл саясатын орыс тілінде насихаттайтын мақалалар топтамасы арқылы жүзеге асырылып келеді. Аудандық және қалалық газеттердің беттерінде жарық көрген материалдар, әсіресе, облыстық «Приуралье» газетіндегі «Наш язык» айдары, қалалық «Жайық үні» газетіндегі «Тіл таным» топтамасы, «Уральская газета» басылымындағы тіл саясатына қатысты мақалалар басқарма тарапынан сарапталып отырады.

Басқарманың тапсырысымен және Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының қолдауымен 2015 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы қарсаңында өзге ұлт өкілдерінің арасында республикалық «Тіл – татулық тірегі» атты мемлекеттік тілді білу байқауы оздырылды.

Облысымызда тұратын түрлі этнос өкілдерінің басын біріктіріп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен облысымыздағы ұлттық-мәдени орталықтар мен жалпыға орта білім беретін мектептердің жексенбілік сыныптарында өзге ұлыстардың өз ана тілдерін меңгеруіне мүмкіндіктер жасалып отыр. Өңірімізбен шектесетін Ресей Федерациясының Саратов, Самара, Астрахань, Орынбор облыстарындағы қазақ диаспорасымен тығыз мәдени-әдеби байланыстар орнатылып, оларға әдеби әдістемелік көмектер көрсету басқарманың ұйымдастыруымен жолға қойылды. Мемлекеттік тілді және өзге де ұлыс тілдерін дамытуға бағытталған кешенді шаралар жалғасын таба бермек.

Мемлекеттік тілді ғаламтор тіліне айналдырған басқарма мемлекеттік қызметтерді электронды форматта интернет ресурстары арқылы көрсетуде, мысалы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қолдауымен қазақ қызына тән ұлттық тәрбие негіздерін қамтитын «Қыздар әлемі» (www.kyzdaralemi.kz) электронды порталы жұмыс жасайды. Есепті жыл ішінде порталдың оқырмандары 2 млн. 500 мыңға көбейді. Қазақ қыздары өздеріне қатысты танымдық-тәрбиелік ақпаратты осы порталдан таба алады. Сонымен қатар, 2010 жылдан қолданысқа енгізілген «Әдеби әлем» (www.adebiet.kz) электрондық порталының оқырмандар саны бүгінгі күні 6 млн. 735 мыңға жуықтады. Бұл порталдың көмегімен басқарма әдебиет сүйер қауымды әлем әдебиетінің жауhарларымен қауыштырып отыр. Аталмыш порталдардың жұмысы облыстық және жергілікті «ТДК-42» телеарналарындағы танымдық-тәрбиелік бағыттағы телехабарлармен және БАҚ беттеріндегі мақалалармен кеңінен насихатталады. Басқарманың тапсырысымен жарық көрген ұлтымыздын болашағы – қазақ қыздарының тәлім-тәрбиесіне арналған тәрбие сағаттарының 200 сағаттық жиынтығы 2015 жылы облысымыздың барлық мектептеріне тегін таратылды.

Тіл туралы заңнамалардың орындалуына бақылау жүргізу – басқарманың басты міндеттерінің бірі. Тілдік заңнамалардың орындалуын қадағалайтын Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы «Тіл туралы заңнамаларды және тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру» жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің биылғы жылы екі отырысы оздырылды. Кеңес отырысында жоспар бойынша Зеленов, Теректі, Тасқала, Бөрлі аудандары мен облыстық әділет департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасындағы тілдік ахуал сарапқа салынып, құжат айналымы көрсеткіштеріне талдау жасалды. Кеңес отырысында сала басшыларының баяндамалары тыңдалып, кеңес мүшелерінің талқысына ұсынылды.

Тілдің бастау алар тірегі – мектеп, жыл сайын «Қазақ мектебіне қадам басайық» акциясы қала мектептерінде өткізіліп, басқарма мамандары мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндердің ата-аналарымен кездесіп, нәтижесінде өткен жылы №21 мектепте екі қазақ сыныбы ашылып, 52 бала қазақ сыныбына қадам басса, бұл игілікті шара биыл да жалғасын тапты. Қазақ мектептерінде білім алуға ұмтылған балалардың санын жылдан жылға арттыруға басқарма ат салысып келеді. Бұл өз кезегінде, оқушылардың мемлекеттік тілдегі білім деңгейінің жылдан-жылға артуына ықпал етіп отыр. Қаламызда 47 мемлекеттік күндізгі жалпы орта білім беретін мектептер жұмыс істесе, оның 20-сы мемлекеттік тілде, 15-і орыс, ал 12-сі аралас тілде оқытылады. Биылғы жылы қала мектептерінде – 35253 оқушы білім алып жатыр, оның – 10 893-і орыс және өзге ұлт өкілдері.

Былтырғы жылы атқарылған ауқымды істің бірі – облысымыздағы көше атауларын айшықтау, яғни облыстық ономастикалық комиссияның қарауына түскен жалпы саны 773 көшенің 731-нің атауы өзгертілді, бүгінгі таңда басқарма бекіткен үлгімен осы көшелерге біріңғай сілтемелер ілінуде. Сөйтіп, кеңестік кезеңді еске салатын, ешбір топонимикалық жүктемесі жоқ көше атаулары тәуелсіздік талаптарына сай жаңа келбетке енгізілуде.

Сонымен, мемлекеттік тіл саясатын жүргізу арқылы облыстық тілдерді дамыту басқармасы қоғамның жетекші салаларындағы мемлекеттік тілдің рөлін нығайтып, ұлттар мен ұлыстарды тілдің төңірегіне біріктіру функциясын одан әрі арттыра беретін болады. Кеше ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының конферециясында қабылданған «Мәңгілік ел» патриоттық актысында атап көрсетілгендей, мәңгілік елдің айнасы – мемлекеттік тілдің абыройын асқақтату міндетін басқарма өз жұмысының негізгі өзегі деп есептейді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік тілге құрметпен қараудың үлгісін көрсетіп келеді. Мемлекеттік Әнұран мен Туды қалай қастерлесек, ұлт тілін де солай құрмет тұтуымыз керек. Өйткені,тіл мәселесін реттейтін уақыт туды, оны шешудің кілті аспанда тұрған жоқ, ол әркімнің сана сезімінде, яғни әр адам өзінен бастауы тиіс, мұны уақыттың өзі көрсетіп отыр.

Махамбет Ихсанғали,
Батыс Қазақстан облыстық тілдерді
дамыту басқармасының басшысы
Ярослав Куликтің суреттері

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top