«Атамның ерлігі – ұрпаққа өнеге»

21 мая 2020
0
3646

Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне 75 жыл толды. Бірақ, Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыста ұмытылмастай ізін қалдырды. Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар менофицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ. Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бүгінгі ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өркендеуінің жоғары адамгершілік негізі.

Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста Жеңіске жеткізді. Менің атам да осы соғысты басынан кешкен азамат. Әбілқасымов Сапи 1924 жылы сәуір айының 15 күні Сырым ауданы, Қособа ауылында дүниеге келген. 1932-1940 жылдары Жымпиты орта мектебінде білім алған. 1940-1942 жылдары Амангелді колхозында еңбек етіп, 1942 жылдың тамыз айында армия қатарына алынған. Прибалтика әскери округінде алты айлық оқу-жаттығу дайындығынан өтіп, 1943-1945 жылдар аралығында № 376 артиллерия полк қатарында Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыс біткен соң да 1947 жылға дейін әскер қатарында болып, елге оралған. Елге оралған соң 1947-1956 жылдары Орал қаласында «Овчиношубный» заводында жұмыс істеген. 1956-1984 жылдар аралығында Жымпиты ауданы, Қособа қой совхозында зейнеткерлікке шыққанға дейін үзіліссіз еңбек атқарған. Соғыс және еңбек ардагері атам С. Әбілқасымовтың ел алдындағы ақ адал еңбегі үшін үкімет тарапынан өзіндік бағасын алып, «Отан соғысы» ордені, «Еңбегі үшін», «германияны жеңгені үшін», «Г.К. Жуков», «Жеңіске 30 жыл», Жеңіске 40 жыл», Жеңіске 50 жыл» медальдарымен марапатталды.

Бүгінгі тәуелсіз мемлекеттің ұланы болып жүргеніме атамның да үлесі зор. Аспанымыздың ашық болуына бабаларымыз жастық ғұмырын сарп етті.

Қаншалықты қыршындар қиылды. Ең бастысы,енді ондай зұлмат соғыс болмаса екен. Міне Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 75 жыл өтсе де, әрбір отбасы соғыс зардабын басынан кешкен.

«Ер есімі – ел есінде» демекші бізге жарқын болашақ бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар мәңгі жадымызда сақталып, ешқашан ұмытылмауы хақ! Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тіршілігімізге күн нұрындай мәңгі шуағын шашпақ. Бұл соғыс – дұшпанның араны ашылған басқыншылық мінез-құлқын, өзіне таяқ етіп жұмсаған ұрыстың бірі Ұлы Жеңісіміз баянды болсын! Тәуелсіз еліміздің көк туы көк аспанымызда желбірей берсін!

Молдаш Назкен,
А.С. Пушкин музейінің экскурсоводы

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top