Армансыз адам алысқа бармас

19 октября 2017
0
4284

Жуырда ғана Астанада өткен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалаған әр қатысушы мен көрермен жақсы әсерлерімен бірге оралдық шебер қыздардың жұмыстарының бірін ала кеткен болар. Бұл – қазақстандық кәдесый: ұлттық киімдегі қуыршақтар, қобдишалар, неше түрлі тұмарлар, жылқы мен түйе мүсіндері – барлығы да табиғи материалдардан қолмен жасалған. Осындай кәдесыйлар дайындайтын көрмемен аттас оралдық фирма директоры Людмила Щукинаның айтуынша, бұл – қазақстандық қонақжайлылық пен ерекшеліктің нақты дәлелі.

– Біз өз тауарымызды 17 жыл бойы ұсынып келеміз, – дейді «Экспо плюс Сувенир» ЖШС директоры Людмила Щукина. – Біздің өніміміз түгел Қазақстан бойынша сұранысқа ие. Біздің қуыршақтарымызды, мысалы, Астана халықаралық әуежайынан да кездестіруіңіз мүмкін, Қазақстанға, не Оралға келген қонақтар өз үйлеріне кетіп бара жатып қазақ мәдениетінің, жүрек жылуының бір бөлшегін, ұлттық, қайталанбас бір естелік ала кеткісі келеді ғой.

Шындығында, жиырма жыл бұрын бәрі осыдан басталды. Сол кездері қазақи ұлттық кәдесый табу мүмкін емес еді. Міне, сол бос тауашаны «Экспо Сувенир» толтырды деуге болады. Людмила Щукина мамандығы бойынша педагог, кәдесый бизнесіне келмес бұрын балабақшада жұмыс жасады.

– Ойыншық саласындағы бизнеске келгенім де сондықтан шығар, – деп күледі ол. – Бала кезімнен тігін ісімен айналысқанды ұнататынмын, тіпті Клара Цеткин атындағы тігін фабрикасында да жұмыс жасап көрдім.

Кәсіпорынның аяққа тұрып, қалыптасуы оңай болған жоқ. Людмила Юрьевнаның сөзімен айтқанда, алдымен «Қолөнермен айналысатын талантты адамдар іздейміз» деген мәтінде газет бетіне жарнама берілген. Тоқыма, кесте тігу, ағаш ою білетіндер, суретшілер, тіпті мүсіншілер сияқты халық арасындағы шеберлер хабарласқан.

– Үй-үйді аралап, сол шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарды қарап шықтық. Бір егде апайдың шілтер майлықтары мен жағалар тоқитыны есімде. Олар біздің алғашқы көрмемізге қойылды.

Не сұранысқа ие болатынын сынақ пен қателесу арқылы іздедік.

Мысалы, гобелен немесе бисермен тоқу. Бұл өте ұзақ уақыт пен көп еңбекті талап ететін жұмыс. Бір бұйымды жасау үшін кейде бір немесе бірнеше ай қажет болады. Одан кейін сатылу-сатылмауы да белгісіз. Сондықтан кәдесыйларға тоқталдық – паннолар, тұмарлар, ұлттық тұрмыстық бұйымдар. Ассортимент жұмыс барысы мен көрмелер нәтижесінде нақтыланды. Ұлттық кәдесыйлар мен қызыл ағаш қабыршағы жапсырылған қобдишалар жақсы сатылады, – дейді директор.

Алғашқы көрмеден бері жиырма жыл өтті. Бүгінде «Экспо Сувенир» фирмасы төрт жүзден астам бұйымдар шығарады. Бірақ бұл деңгейге жету үшін қаншама тер төгілді. Директор тәжірибе жинақтау үшін Ресей, Қырғызстан, Қытай мен Қазақстанның өзге қалаларына да барып көрді. Шетелдердегі көрмелерде «Экспо плюс» өнімі алпыстан астам марапаттарға, көптеген дипломдар мен керемет пікірлерге ие болды. Директордың бөлмесіндегі қабырғаны толтырған марапаттар солар.

2003 жылы «Экспо Сувенир» республикалық «Қазақстанның үздік тауарлары» конкурсында бірінші орынға ие болып, алтын медаль алды. «Шығармашылық кәсіптер» номинациясы бойынша қалалық және облыстық конкурстарда үнемі жүлделі бірінші орынға ие болады. 2006 жылы ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия «Экспо Сувенир» фирмасына «Әйелдер басқаратын үздік кәсіпорын» республикалық конкурсында бірінші орын беруді ұйғарды. Людмила Щукина – «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Үміт» Орал өңірі әйелдері одағының, Кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер одағының мүшелігінде бар, Қазақстанның іскер әйелдері Ассоциациясының мүшесі, және жай ғана сүйкімді де қайырымды әйел. Жәрдем сұраған адамдардан көмегін аяған емес, қайырымдылық шаралар мен түрлі конкурстарға өз өнімдерін тегін беріп отырады, облыстық балалар үйін қамқорлығына алған. Қоғамдық жұмысты өндірістік қызметпен қатар үйлестіруге оған мемлекет, «Нұр Отан» партиясы септігін тигізуде, ал конкурстар мен көрмелерге қатысу кәсіби өсімге ынталандырады, дейді директор ханым. Бірақ оның басты тірегі отбасы екендігін де баса айтады.

– Жолдасым – барлық істегі менің бірінші кеңесшім, балалар да менің жұмысыма түсіністікпен қарайды, – дейді Людмила Юрьевна. – Қызым Евгения Қостанайдағы ІІМ академиясын үздік тәмамдап, Орал қаласындағы ішкі істер органдарында жұмыс жасап жүр, ұлы Руслан болса, гимназияны бітіріп, оқуын жалғастыруда. Менің отбасылық идеалым – аға буынның өнегесін көріп өскен ұрпақ, отбасылық жәдігерлер сақтап қоятын, отбасылық дәстүрлері бар жанұя. Өз ата-анам өмірден ерте озса да, бізді қайырымдылық пен еңбексүйгіштікке үйретті, мен де балаларыма солай үйретемін.

– Өз кәдесыйларымызды біз экологиялық таза, табиғи материалдардан жасаймыз, – дейді Людмила Юрьевна. – Ағаштардан – қайың, терек, қаратерек, қобдишаларға жапсырма ретінде қызыл ағашпен қатар тері мен былғары да қолданамыз. Міне, қуыршақ, – деп көрсетті ол ұлттық киімдегі күлімсіреген сұлу мүсінді көрсетіп, – мүсін ағаштан ойылған, ал киімі мата, былғары және теріден тігілген. Ең бастысы, олардың бәрі бірегей де қайталанбас. Әр қуыршаққа тән өзіндік мінез-құлқы бар, әрқайсысы әр түрлі күлімсірейтіндей. Себебі қыздарымыз қуыршақтардың бетін өз қолдарымен бояйды, бір дақ артық түссе болды, көзқарасы да өзгеріп шыға келеді. Осынысымен де қол жұмысы құнды емес пе – әр бұйымның өзіндік дербестігі бар, автордың қолтаңбасы қалған әр қуыршақ бетінен жақсылық лебі еседі. Дизайнерлеріміз өз қуыршақтарына есім беріп те жатады.

Кәсіпорынның дизайнерлері мен суретшілері – негізінен БҚМУ-нің мәдениет және өнер факультетінің бітірушілері. Олардың шығармашылық таланттары және талғамымен қатар, олар ұлттық салт-дәстүрлерді жақсы біледі. Сондықтан да олар ұлттық киімдердің ерекшелігін айнытпай суреттейді.

Ұлттық қолөнерді насихаттап, дамытуға қосқан үлесі үшін талай марапаттарға ие болған ұжымда достық пен шығармашылық ахуал қалыптасқан. Людмила Щукина екінші мамандығы бойынша психолог болғандықтан, мамандар таңдау мен ұжымда қажет ахуал қалыптастыруды біледі.

– Біздің өніміміз үлкен сұранысқа ие, – дейді директор. – Өзге қалалардағы дүкендерден біздің кәдесыйларымызды көргенде, қуанамыз, мысалы, Астана әуежайында сатылатын қуыршақтарымызды біздің елімізден кетіп бара жатқан кез келген адам Қазақстан туралы естелік ретінде сатып ала алады.

Ісімізді бастау қаншалықты қиын болғанымен, жиырма жыл бұрын бәсекелестік жоқтың қасы еді. Бүгінгі таңда кәдесый дайындайтын шеберханалар қатары көбейді, бәсекелестік үлкен, сондықтан да өндірісті үнемі жаңғыртып, қызметтердің жаңа түрін игеруге тура келеді. Кәсіпорнымыз кәдесыйлардан өзге жарнамалық бүйымдарды: баннерлер, тартпалар, жарық қорапшалары, маңдайшалар, логотиптер дайындайды, дизайн өңдеп, ғимараттардың қасбеті мен ішкі интерьерін замануаи түрде немесе ұлттық нақышта безендіруге тапсырыстар алады. Тапсырыстар жеткілікті, қалада құрылыс қарқыны жақсы болғандықтан шығар. Бәрінен бұрын «Экспо плюс» дизайнерлері мектептер мен балабақшаларды безендіруге тапсырыс алғанды жақсы көреді.

Қоштасар сәтте Людмила Щукина өз табысының басты құпиясын ашты: өз ісіңді сүю қажет, ешқашан да қиындыққа мойымай, жеткен жетістікке тоқмейілсімей одан әрі өсіп-жетілуге, кемелдене түсуге ұмтылу қажет.

Суретке түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top