Алтын тарих беттері

7 декабря 2017
0
2807

Өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тарихи құндылықтары мен ұлттың рухани дамуына ерекше көңіл аудару керек деді. Жалпыхалықтық киелі орындарды нығайту қажет екенін атап өтті.

«Киелі Қазақстан» орталығы киелі мағынасы бар тарихи ескерткіш болып табылатын орындарды іріктеу үшін әдістемелік ұсынымдар дайындады. Бұл тым қарапайым мәселе емес. Ескерткіштер тек белгілене салмайды, оларды халық таңдайды. Себебі тұрғындар қай жердің қандай ерекше қасиеті барын біледі. Яғни бұл ескерткіштер емес, жай ғана тау, жылға, үңгір сияқты табиғи орын болуы мүмкін. Ол жерге ем іздеп, дұға қылуға, көмек сұрауға баратындар болуы мүмкін. Олардың қатарына саяси мағынаға ие нысандар енуі мүмкін.

Орталық мамандары, ғалымдар, өлкетанушылар ең бастысы ескерткіштердің саны емес, олардың рухани мәні маңызды екеніне сенімді. Киелі орын барлық адам үшін киелі болуы қажет.

Әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет ететін археологиялық ескерткіштер бар бұл тізімде.

Қазақстанның киелі жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін жасап, онымен бүкіл әлемді таныстыру қажет.

Біздің елімізді тек қана мұнай қоры мен сыртқы саяси бастамаларының арқасында емес, мәдени жетістіктері арқылы да тану керек. Және мақтануға тұрарлық жерлер көп. Алайда ең алдымен қазақстандықтардың өзі мұраға қалған киелі жерлерді де, сәулет ескерткіштерін де білуі керек.

Бірнеше жыл бұрын Теректі ауданында «Алтын ханшайым» деп аталған ақсүйек әйелдің сүйегі табылған болатын. «Алтын ханшайым» деп аталу себебі алтын әшекейлерінің көптігінен болатын.

Облыстық тарих пен археология орталығы 2012 жылы Тақсай-1 қорғанынан табылған «Алтын ханшайым» мен артефакттарды ғылыми тұрғыдан зерттеп, қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Қорымды зерттеу жұмыстарына Жапонияның, Германияның және Ресейдің атақты ғалымдары мен ғылыми орталықтары қатысты.

Бірқатар зертханалық жұмыстардан соң қорымның біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларға жататыны және Қазақстанда табылған «алтын» обалардың ең ежелгісі екені дәлелденді.

Тарихи-мәдени мұраға көңіл бөлу мақсатында «Алтын әйелдің» екі мүсіні дайындалды. Оның біреуі – Елордадағы Ұлттық музейде, екіншісі – Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде қойылған.

Одан басқа «Батыс Қазақстанның ертеректегі көшпенділері» каталогы мен «Тақсайдан табылған тарақ» атты буклет шығарылды.

Барлығы облыс аумағында түрлі дәуірлерге қатысты алты мыңнан астам археологиялық ескерткіштер және бес жүзден астам тарихи-сәулет ескерткіштері бар.

«Алтын Ханшайым» деп аталған әйел мүсінін жуырда алыс аудандардың тұрғындары да көру мүмкіндігіне ие болды.

Қорым адам қолы тимегендіктен жақсы сақталған. Ал табылған материал ақпараттық толықтығы жағынан мәнділігі сондай, олжаның маңыздылығын толықтай негіздеу үшін зерттеу және қалпына келтіру жұмыстарына екі жыл қажет болды. Сол мәліметтерге сүйенсек, қорымда ақсүйек тұқымынан шыққан әйел жерленген, абыз әйел болса керек, бұл туралы жүзге тарта алтын әшекейлер, сенім бойынша арғы өмірде қажет болатын заттар саналған айна, пышақ, қола бақыраш пен ритуалға арналған заттар – құрбан шалынатын орын – дәлел болады. Тарихшылардың пікірінше, біздің эрамызға дейінгі VI ғасырдың соңы – V ғасырдың басына жататын болса да, барлық бұйымдар нағыз шебердің қолынан шыққан өнер туындылары.

Ғасырлар тереңінен жеткен осыншама ақпараттың «құпиясын ашу» үшін қаншама күш пен арнайы білім керек болды. Моладан табылған барлық заттар көмірленіп, деформацияланған болды. Олар үгітіліп кетпес үшін бұл жерде тиімді болатын жалғыз әдіс – жер қабатымен бірге алуға тура келді, сосын сол ірі-ірі бөліктерді шеберханаға рентгенографиялық зерттеулерге жеткізеді. Ғалымдардың пікірінше, бұл керемет ашылған жаңалық. Мысалы, әйелдің басында шошақ бөркі болды. Геродоттың жазбалары арасында осындай киімді тиграхауда–сақтар кигені туралы мәлімет бар. Бұл Қазақстан аумағында көшіп-қонған ертеректегі сарматтар мен савромат тайпаларымен байланыстыра отырып, олардың мекен еткен уақыты мен жерін нақтылауға мүмкіндік береді. Әсіресе ханшайымның тарағы өте құнды. Оның көмегімен алынған мәліметтер негізінде сол алыстағы дәуірге деген үйреншікті көзқарасты өзгертуге болады. Сондықтан да оны қалпына келтіру туралы кеңінен айта отырсақ. Тарақтағы сурет маңызды дерек көзі әрі нағыз өнер туындысы, дейді ғалымдар. Ол бүтін ағаш бөлшегіне ойылып, өзге ағаш түрлерінен бедерлер салынған. Шебер суретшінің қолынан шыққан екі жақты бейнеде шайқас сахнасы көрініс тапқан. Тарақ та, өзге де бұйымдар қобдишаға ұқсас қораптарға салынғандықтан да аман қалған. Сондықтан қорап ішіне ауа кірмегендіктен ағаш бұйымдар жай бықсып жатқан. Дала жағдайында бейнені парафинмен бекітіп, шеберханада да оған ұқыптылықпен қарады мамандар. Екі жағындағы суретті қалпына келтіру бірталай қиындық тудырды. Бірақ бұл шаруаны да реставраторлар шебер орындап шықты. Ойықтардың әр сызбасын анықтау үшін жұмыстар микроскоптың көмегімен орындалды. Композицияның бөлшектерін зерттеу бойынша жасалған әр қадам компьютерлік бағдарлама эскизіне түсіріліп отырды, соңынан толық сурет қайта жаңғырды. Көп уақыт пен еңбекті талап ететін бұл жұмыс өзін ақтады. Тарақта савромат жауынгерінің екі атқа жегілген, атқыш пен арбакеш отырған парсылық әскери арбамен шайқасы бейнеленген. Сюжеттің түсіндірмесі бірнеше түрлі болса да, бұл суреттің парсылардың алғаш даламызға кіріп, Дарий әскерінің көшпенділері тойтарысына тап болған мезгілімен тұспа-тұс келетіні турасында ғалымдар ойы бір жерден шықты. Бұл – сол дәуірдің оқиғаларына басқаша көзқараспен қарауға жақсы негіз.

Абыз әйелдің киімі мен әшекейлері де сол кезеңдегі еуразиялық дала кеңістігінде мәдениет пен қолөнердің таралуында көшпенділердің маңызды рөл атқарғандығынын айқындайтын зор ақпарат көзі болып табылады. Ежелгі зергерлер әшекей дайындаудың бірнеше түрін меңгерген десек те жеткілікті. Олар – соғу, нақыштама, бедерлеу мен сәндеу. Қазақстан мен Ресей ғалымдары облыс аумағында орналасқан орта ғасырлық Жайық және Жалпақтал қалашықтарында болып, қасиетті Сарайшыққа да сапар шекті. Бірлескен жұмысты қорытындылай отырып, бірыңғай географиялық кеңістік аясындағы әріптестік керуен жолдары өткен, соларға қызмет ету үшін тұрған қалалары болған еуразиялық қиылыстар туралы білім қорын толықтыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл – нағыз идеологиясыз тарихты зерттеуге қосқан зор үлес.

Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында маңызды кезең болған орта ғасырлар дәуірі де, одан қаншама бұрынғы Ұлы далада көшпенділердің қайталанбас мәдениеті қалыптасқан кездегі дәуір де біз үшін айрықша қызығушылық тудырады.

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top