Қаланың қайта өмірге келуі

23 ноября 2017
0
3032

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Қазақстанның киелі орындары» жобасының алар орны ерекше. «Әр халықтың, әр өркениеттің жалпы халықтық сипаттағы, осы халықтың әр өкілі білетін өз киелі орындары бар» деді Елбасы. Рухани және тарихи тұрғыдан маңызды осындай жерлер Батыс Қазақстан облысында да бар. Солардың бірі – 2001 жылы Орал қаласынан 12 шақырым жерден табылған Жайық қалашығы.

1613 жылдан ертерек

Көп жылдар бойы Орал қаласының құрылған жылы 1613 жыл деп есептелініп келді. Кейбір өлкетанушылар 1584 жыл деп те айтып жүрді. Екі жағдайда да зерттеушілер толық емес жазба деректерге сүйенген. 1970-жылдары баламалы болса да дерек көздерінің жоқтығынан, осы деректерге күмән келтіріле бастады. Археология, этнография және топонимика сияқты көптеген тарихи пәндердің жетістіктері пайдаланылмады.

Орал тарихын осыған дейін тарихи зерттеулер кезіндегі ең үлкен кемшілік – араб авторларының құжаттары қолданылмауы. Ал араби құжаттар Алтын Орда тарихындағы ең негізгі дерек көздері болып табылады.

Қазіргі Орал қаласының орнында бұдан бұрын да қалалық мекен болғаны туралы мәселені алғаш оралдық археолог Ғайяз Кушаев көтерген болатын. Өзінің зерттеулері негізінде ол Жайық өзені жағалауының екі учаскесі ежелгі қаланың орны болуы мүмкін деген болжам жасады. Бұл Оралдың ескі бөлігіндегі Яик қалашығы пайда болған Курени ауданының орны не болмаса Жайық өзенінің бойындағы Орал қаласынан алыс емес жердегі қалашық орны. Қазба жұмыстары кезінде археолог Дариян ауылы мен Барбастау ауылы тұстарынан қызықты олжалар тапты.

Кушаевтың болжамын қазіргі ғалымдар бір жақты қабылдай алмады, алайда бұл қарама-қайшылық негізінен қаланың атауына қатысты болды. Бұл жерде ежелгі қаланың болғаны туралы мәселеге қатысты археологтар Кушаевтың пікірімен толықтай келісті.

Қазіргі Оралдан оңтүстікке қарай ежелгі қаланың болғандығы туралы ойға ежелгі авторлардың жазбалары да итермелейді. Ахмед ибн-Фадланның «Еділ Булгариясына саяхат» (Х ғасыр) атты шығармасы мен Абу-Хамид ал-Гарнатидің «Шығыс және Орталық Еуропаға саяхаттар» (ХІІ ғасыр) атты еңбегінде Батыс Қазақстанның жерлері арқылы өтетін сауда және керуен маршруттары, қалалар туралы мәліметтер бар.

Араб саяхатшысы және жазушы ибн-Фадлан халиф елшілігімен Еділ Булгариясына жол жүреді, ал жол бағыты Жайық өзені бойымен өтеді. Кеңес зерттеушісі А. Ковалевский елшіліктің жол жүру картасын келтіреді. Онда Жайық пен Шағанның қосылар тұсындағы, қазіргі Оралдың ескі ауданы орналасқан жеріндегі сол жағалаудан оң жағалауға, яғни Азиядан Еуропаға өтер жол көрсетілген. Ибн-Фадланның мәліметінше, осы жерде қалалық тұрғын жай болған.

Х-ХІV ғасыр саяхатшылардың, саудагерлер мен миссионерлердің зерттеулері мен шығармаларында Жайық пен Еділ арасындағы, сондай-ақ Жайықты жағалай орналасқан қалалардың желісі болғандығы айтылады. Олардың саны 8-ден 30-ға дейін жетеді. Сол дереккөздерде ХІV ғасырда бәрімізге белгілі Сарайшықтан басқа Жайықтан жоғарырақ солтүстікке қарай тастан соғылған ғимараттар бар, заманауи Оралдың аумағында орналасқан тағы бір қала болғандығы туралы нақты айтылған.

ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы орыс ғалымдарының зерттеулері де Жайық бойында орта ғасырлық қалалар болғандығын растайды.

Мысалы, П. Рычков өзінің әйгілі «Орынбор губерниясының топографиясы» атты 1748 жылғы еңбегінде Жайық бойында жеткілікті түрде дамыған қалалардың болғандығын растайтын көптеген фактілер келтірген. Олар кірпіштен салынған, өзен жағасында орналасқан, ол жерлерде ирригациялық жүйелер бар. Діни ғимараттардың бар болуы – бұл қалалардың шығыстық типтегі қалалар қатарына жататындығының дәлелі. Ең дұрысы, ол қалалар сауда-кәсіптік орталық және отырықшылық мәдениетінің ошағы міндетін атқарған шығар.

Ол қалалар бір-біріне жақын орналасқан, деп жазады Рычков, аралары бір не екі күн ғана, – бұл қазіргі 30-40 шақырыммен шамалас. Батыс Қазақстан тарих және археология орталығы мамандарының пікірінше, қалалардың саны мен орналасу орындары олардың бір-бірімен байланысы бар екенін, яғни бір мемлекет шеңберінде өмір сүргендерін дәлелдейді. Ежелдегі ғимараттардың жақсы сақталуына қарағанда, бұндай мемлекет рөлінде Алтын Орда болуы мүмкін.

Батыс Қазақстандағы қалалар мен елді мекендерінің саны көптігін «Үлкен Сызба» атты орыс карталарының ең алғашқы жинағы да көрсетеді. Ол жинақ ХVI ғасыр соңында құрастырылған, ол бүкіл Ресей мемлекетінің аумағын қамтыған.

Соңынан кемшіліктері бар карта пайдаға аспай қалды. Оның негізінде егжей-тегжейлі түсіндірмелері бар жаңа сызба құрастырылды, осылайша «Үлкен Сызба Кітабы» жарыққа шықты.

Картаның өзі бізге дейін жетпеді, бірақ оның түсіндірмелері бірнеше тізімдер қатарында сақталған, Петр Біріншінің дәуіріне дейінгі кезеңдегі Ресей туралы жалғыз географиялық шығарма болып табылады. 1692 жылы Аврилмен дайындалып жарыққа шыққан карталардың соңғы көшірмелерінің бірінде қазіргі Оралдың орнында бізге белгісіз Метжет атауымен бір елді мекен белгіленген, ал одан шығысқа қарай Елек пен Жайықтың қосылар тұсында Солянское деген басқа елді мекен бар.

Бұл карта Мәскеу канцеляриясында сақталған түпнұсқадан түсірілген. Дәл осындай елді мекендер 1700 жылғы француз астрономы Делилдің картасында да бар. Осылайша «Үлкен Сызба Кітабының» кемшіліктеріне қарамастан, бұл дерек көзі Батыс Қазақстандағы қалалар мен ауылдардың біршамасын нақтылап берген.

Археологиялық дәлелдер

Күні бүгінге дейін қалалардың болғандығы туралы нақты дәлелдемелер болған жоқ, сол себепті түрлі ғылыми негізі жоқ болжамдар мен пікірлерге жол берілді. Соңғы археологиялық олжалар біздің ізашарларымыздың пікірінің дұрыстығын дәлелдеді.

ХХІ ғасыр басында Батыс Қазақстан облыстық тарих және археологиялық орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сдықов жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында Ақсай-Атырау тұрба желісін археологиялық экспертизадан өткізу туралы бастама көтерген болатын.

Тұрба желісінің дәл оралдық учаскесі тұсында 2001 жылы Жайық қалашығы ашылды. Соңғы ширек ғасырдағы біздің аймағымыздағы ең ірі де сенсациялық жаңалық болды.

Қалашық ашылғаннан бері ол жерде қазба жұмыстары жүргізілуде.

Зерттеулердің алғашқы нәтижелері Батыс Қазақстан облыстық тарих және археологиялық орталығы шығаратын «Батыс Қазақстанның тарих және археология мәселелері» журналында жарияланды. Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары академик К. Байпақовтың жетекшілігімен «Орта ғасырлық Жайық қалашығы» деп аталатын арнайы басылымын дайындады.

Қазып алынған қалашықтың сақталған аумағы – 50 га, некропольдің аумағы – 300 гектарға жуық. Қалашық бір қабатты, ХІІІ-ХІV ғасырға жатады, тағы бір пікір бойынша – ХІІІ-ХV ғасырдың алғашқы жартысына жатады.

Қазба жұмыстары нәтижесінде ұзындығы 5 метр және ені 1 метрге жететін кірпіш күйдіретін пештер (олардағы температура Цельсий бойынша 200 градусқа жететін болған), шығыс моншасы, үш тұрғын жай, 12,8х19,4 метр өлшемдегі екі кесене, тағы басқа құрылыс нысандары табылды. Монша сол кездерде 8 құбырдан тұратын ағаш еден астынан жүргізілген жылыту жүйесімен қамтылған болатын. Конус түріндегі шиыршық баспалдақты шағын кесененің қабырғалары біртіндеп бұзылған.

2009 жылы некропольден археологтар тағы екі қорғанды қазып алды, олардың бірінен бірегей қола айна мен Қазақстанда сирек кездесетін күміс тиын табылды.

Осылайша Жайық өзеніндегі қалалар туралы жазған орта ғасырлық авторлардың мәліметі, сондай-ақ ХVIII-ХІХ ғасырдағы ғалымдардың қорытындысы рас болып шықты. Орал қаласының орнындағы ежелгі қаланың жас шамасы туралы археолог Кушаевтың болжамдары нақты дәлелін тапты.

Жайық қалашығы орнында ашық аспан астындағы тарихи-мәдени және табиғи-ландшафтты музей-қорығын құру жоспарлануда.

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top