Алға ұмтылған адам жетістікке жетеді

22 июня 2017
0
2131

«Әр адам өз өміріне, өзінің жұмысына, өзі қызмет етіп отырған кәсіпорынына, соның ішінде бизнесіне жауапкершілікпен қарауға тиіс, және дағдарыстың бұл жерде қатысы жоқ», – деп есептейді «Домашний сервис» Агенттігі» рекрутингтік ЖШС директоры – Татьяна Потапова.
Бүгін біз өндірістің дамуы мен қалыптасуы немесе қазіргі жағдайдағы қалыптасқан әлдеқандай бір іс туралы айтқалы отырған жоқпыз, біз бүгін кадрларды іріктеу туралы әңгіме қозғамақпыз, өйткені кәсіпорынның табысты немесе табыссыз болуы маман кадрларға тікелей қатысты.

– Татьяна Федоровна, Сіздің агенттік жұмысқа орналастырумен айналысатындықтан, Сізге қояр сұрағым – қазіргі кезде жұмыс табу мүмкін бе?

– Мүмкін. Қаламызда зауыттар қайта ашылып, профилін өзгертуде, технологиялық процестер жетілдіріліп, жаңа өнім шығару ісі оңға басуда, және қай жерде болмасын, білікті инженерлер, тәжірибелі құрал-сайманшылар талап етіледі, біз осындай мамандарды іздеумен айналысамыз.

Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Қандай да бір нысанды көтеру үшін Астанадан, Алматыдан келетін компаниялар өз мамандарын ала келетіні шындық, бірақ көбінесе жергілікті құрылыс фирмалары басшылық етеді. Ал сауда туралы айтар болсақ, бутиктер немесе осы қызмет түрінің басқа формаларына жалгерлік ақы төмендеді. Бұл кей субъекттердің нарықта қала алмай, кетуінің салдарынан да болуы әбден мүмкін, және бұл табиғи процесс.

Алайда еден жуушыдан директорға дейін барлық мамандықтар қажет етіледі. Келіп түсіп жатқан өтінімдер баршылық, бірақ олардың барлығын бірдей жұмысқа қабылдау мүмкін емес.

– Жұмыс берушілер көбінесе қандай талаптар қояды?

– Жауапкершілік, кәсіпқойлық, тәртіп… адамның бұл қасиеттері ешқашан өзгермейді. Алғашқы жалақы қолына тиген соң жұмыстан шығып жүре бермей, өз ісіне және фирмаға адал, өз жұмысына қызығушылықпен қарайтын мамандарды бағалаймыз.

Мен жақсы тәжірибе ала алдым, тәлімгерлерім кезінде қолдау көрсетіп, бағыт берді.

Өкінішке орай, қазір кей адамдар өз өмірлерін дұрыс жолға қоя алмайды. Ал бұдан басқа, адамдармен қарым-қатынас жасап, жұмыс жасай білу керек, бизнес-жоспар құрып, қаржыдан хабары болуы, өз күші мен мүмкіндіктерін салыстырып, маркетингтік зерттеулер жүргізуі және бизнесте өз жолын айқындай білуі шарт.

Ата-аналардың өздері де: «Балам, менің жалақым жетеді, өзің қалайтын жұмыс табылғанша үйде отыра тұр» деген сияқты сөздермен балаларына теріс ықпалын тигізеді. Жастар келе сала қомақты жалақы талап етеді, ал сол жалақыны ақтау туралы ойланбайды да. Өзін және өз мүмкіндіктерін екінің бірі объективті түрде бағалай алмайды. Ізденушіні мекемеге бағыттасаң кешігіп келеді, немесе жұмыс жасаудан бас тартады, яғни оның көңілінен шықпады. Асырайтын адамы болған соң да осылай болатыны белгілі. Өзі еңбек етпей, күйеуінің, ата-анасының ақшасын немесе туыстарының көмегін пайдаланады. Нәтижесінде менмендік пайда болады.

– Егде жастағы адамдармен жұмыс істеу қиынға соға ма?

– Зейнеткерлік жасқа таяп қалған және зейнеткерлік жасқа келген адамдармен ерекше жұмыс жасаймыз, және кейде олар өзінің қызмет саласын түбегейлі өзгерте салатын жағдайлар да кездеседі, мұндай кезде оларға қол ұшын беру қажет. Сондықтан тек ізденушілермен ғана емес, сонымен қатар әлеуетті жұмыс берушілермен де сөйлесеміз. Бізде тәжірибелі менеджерлер жұмыс жасайды, олар өзінше психологтар. Бүгіннің өзінде наубайханада қамыр илегіш болып жұмыс жасаған, технолог білімі бар ер адам келді. Оған қоймашылық жұмысты ұсындық.

Агенттік кадрларды мұқият іріктейді. Бізге серіктес, өз бетімен талдай білетін адамдар қажет. Менің міндетім – менеджерлерді үйрету, ал олардың міндеті – өз топтарын ұйымдастырып, тәжірибе алмасу.

– Агенттіктің құрылғанына қанша жыл болды және жұмысты неден бастап едіңіз?

– Биыл 15 жыл толып отыр. Бірақ мен рекрутингтік қызмет көрсетуден емес, өндірістік тауарлар сатудан бастадым. Менде екі дүкен және базарда көтерме сауда орындары болған кезде бұл бизнесті ұлыма беріп, өзім жүрегім қалаған іспен – адамдармен жұмыс жасаумен айналыстым. Қазір біздің төрт кеңсеміз бар, олардың үшеуін жалға береміз, штатта 50 адам бар. Айта кетейін, екі бизнесті де дағдарыс жылдары бастадым және мұндай кезеңдерде «жол ашық» болатынын да айтқым келеді.

Сауда үйлерімен, банктермен, өнеркәсіптермен серіктестік қатынастар орнады, барлығын тізіп айтып болу мүмкін емес, Орал, Ақсай, Ақтау, Ақтөбе, Атырау қалаларымен қатынас орнаттық. Бізге сенеді, хабарласады.

Шарттардың мерзімі шектелмеген, ал бұл ізденушілер үшін өте пайдалы. Қыз баланы жұмысқа алып, ол көп ұзамай тұрмысқа шығып, бір емес, бірнеше рет балалы болған жағдайлар жиі болады, жұмысқа шыққан кезде біз оған жұмыс ұсынып отырамыз.

– Жан-жақтан: дағдарыс, дағдарыс дегенді естиміз…

– «Алып-сатар» деңгейіндегі жеке кәсіпкерлік белгілі бір деңгейге дейін көтеріледі де, содан соң тоқтап қалады. Неліктен? Жұмыстың жаңа формалары қажет. Кез келген салада осылай. Бұл адамның баспалдақпен көтеріліп, жарты жолда тоқтап қалып, әрі қарай не істеуге білмейтіні секілді. Тоқтауға болмайтынын ол түсінбейді, әйтпесе бекер кеткен уақыттың есесін толтыруға тура келеді.

Егер агенттіктің бұрынғы жылдардағы жұмыс динамикасын қарайтын болсақ, ол – жер мен көктей, өзгеріс көп. Біз кәсіпорынның даму перспективасына бейімделеміз, ізденушіні қай жаққа бағыттауды да білеміз, тренингтер жүргіземіз – кейбіреуінде өзін-өзі бағалау жоғары болса, кей адамдарда керісінше болады.

Өмір мен экономика синусоид бойынша жылжып келеді: біресе шарықтап көтеріледі, біресе түсіп кетеді, мұның барлығын тиісінше түсініп, дер кезінде шешім қабылдай білу керек.

– Татьяна Федоровна, ҚР Ұлттық бизнес-рейтинг қорытындысы бойынша агенттік «Сала көшбасшысы-2015, 2016» деп танылды, ұжым қола медальге ие болды, Сіз «2015 жылдың үздік басшысы» ретінде аталдыңыз…

– Менің жолым болды, өйткені кітап оқуға құмар отбасында дүниеге келдім. Жапон философиясын қадір тұтам. Өзімді әрдайым тонуста ұстаймын, өмір сүру өнері қоршаған ортамен үйлесімдікте болу дегенді білдіреді.

Өмірде жолыңның болуы немесе болмауы өз таңдауың, бұл ретте ата-ананы, еліңді, қоршаған адамдарды, заңды жазғыруға болмайды. Қайталап айтам, өз-өзіңмен жұмыс жасап, белсенділік таныту қажет. Біз білімімізбен күштіміз. Рим империясы қашан күйреді? Қашан адамдар тек «нанға және көрген-білгенге» ғана қанағаттанды.


«Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы» – ҚР халқын тұрақты және өнімді жұмыспен қамтуға бағытталған, оқытуды, жұмысқа орналастыруды, өзiнiң жеке iсiн ашуға және кеңейтуге жәрдемдесуі, елдегі еңбек ресурстарының бөлінуін оңтайландыруды қамтамасыз ету бағдарламасы.

«Оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» тегiн бiлiктiлiктi арттыру, кәсiптiк даярлау және қайта даярлау курстарына жіберу.

«Еңбек ресурстарының жұмылғыштығын арттыру», оның ішінде:

— көшуге субсидия беру;

— жаңа тұрғылықты жерiнде кәсiптiк даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру курстарында оқыту, сондай-ақ жұмысқа орналасуына жәрдемдесу;

— қызметтік тұрғын үй беру;

— жастарға арналған жатақханалардан бөлме беру;

— психологиялық бейімдеу.


Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top